Қазақстандық оқушылардың білім деңгейін бағалайтын мониторинг басталды
Білім жетістіктерінің мониторингі 3 мамырға дейін жалғасады.
15 сәуірден бастап Қазақстан мектептерінде оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі басталды. Бұл туралы turkystan.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Оған 2462 орта білім беру ұйымдарындағы төртінші және тоғызыншы сыныптардан 150 мың оқушы қатысады.
«Су тасқыны жағдайына байланысты алты өңірде: Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО-да ББЖМ өткізу 15 сәуірден 29 сәуірге ауыстырылады. Қалған өңірлерде штаттық режимде өтеді. Мониторинг оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бағыттары бойынша компьютерлік кешенді тестілеу түрінде өтеді», - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Динара Абылканова.
Айта кетсек, ББЖМ 3 мамырға дейін жалғасады. Осы жылы тест тапсырмалары PISA, PIRLS, TIMSS сынды халықаралық бағалау жүйелерін ескере отырып жаңартылды. Қазір қазақстандық ББЖМ жүйесі халықаралық аккредиттеуден өтуде.
«ББЖМ - бұл оқу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға, оқу процесінің мықты және әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік беретін, оқушылардың білім сапасын анықтайтын қазақстандық ұлттық зерттеу. Түпкілікті нәтиже білім беру сапасын арттыру үшін әр аймақ пен нақты мектеп бойынша кешенді талдау мен әдістемелік ұсынымдар әзірлеу болып табылады», - делінген хабарламада.