Әнші Ерке мен Райм әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан адамды іздестіріп жатыр

ТikTok әлеуметтік желісінде “Еркенің сәбиі шетінеп кетті” деген жалған ақпарат тарай бастады.

Әнші Ерке мен Райм әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан адамды іздестіріп жатыр
Фото: Smi24.kz

Әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желі көмегімен жұртшылыққа үндеу жасады, деп хабарлады turkystan.kz.

“Оразаның соңғы күндері менен жағдай сұрап, хабарласқан адам қалмады. Бұған қасиетті айда қасиетінен айырылған малғұн себеп болып отыр. Мен негізі жағымсыз пікірлерге күліп жауап беремін, артынан пікір иесіне бақыт тілеп жіберемін. Бірақ бұл жолы маған емес, Раймға емес, кішкентай баламызға тиісті. Жаман ұлт болмайды, жаман адам болмайды. Сол үшін “әр қазақ – менің жалғызым” деген сөзді айтқым келмейді. Өзім – қазақпын. Қазақ деген – тәуір ұлт. Бірақ араларында осындай хайуаннан бетер адамдар жетерлік”, – делінген әншінің жазбасында.

Оның айтуынша, мұндай әңгімелер адам баласына қатты әсер етеді. 

“ТikTok парақшамыз жоқ болғасын, жалған ақпаратты кеш естіп қалдық. Оны біреу қолымен жазып, таратқаны белгілі. Әкесі екеуіміз жылап, жүрегіміз қақ айырылды. Әкесі оны табамын деп кірісіп еді, видеоны өшіріп үлгерді. Қазіргі заманда қаласаң бәрін табуға болады. Бірақ істі аяқсыз қалдырмаймыз. Адамдар, өтініш, істеген істеріңізге абай болыңыздаршы! Қазақ деген керім халық деп айтамыз, атымызға затымыз сай болсын!”, – деді әнші.