Су тасқыны: Спорт саласының 7000-нан астам өкілі жұмылдырылды
Туризм және спорт министрлігі «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігімен күш біріктіріп, халыққа бірлесе көмек қолын созуда.
Еліміздегі 32 спорт федерациясы тосыннан келген табиғи апатқа тап болған аймақтарға материалдық, оның ішінде алтауы қаржылай көмек көрсетті, деп хабарлады turkystan.kz.
Туризм және спорт министрлігі «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігімен күш біріктіріп, халыққа бірлесе көмек қолын созуда.
Спорт ұйымының өкілдері гуманитарлық көмекті қабылдау және халыққа тарату пункттерін ұйымдастыруда ерікті ретінде еңбек етіп жүр. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 7700-ден астам сала мамандары мен спортшылар тартылған.
Спортшылардың арасында аралас жекпе-жек шебері Василий Тахтай, грек-рим күресінен Азия чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Асхат Ділмұхамедов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрғали Тұрсынғазиев, «Қазақ күресі» ассоциациясының БҚО бойынша президенті Әсет Сұлтанұлы және тағы басқа да танымал спортшылар бар.
«Қазақ «Апат айтып келмейді» деп бекер айтпаған. 5 облыста 13 спорт нысаны су астында қалды. Қысқа мерзімде аталған спорт кешендерін қалпына келтіру жоспарланған. Дегенмен халықтың ынтымақ-бірлігінің нәтижесінде бұл тығырықтан да шығарымыз анық. Ел Президенті өз Үндеуінде атап өткендей, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», - деді Ермек Маржықпаев.