Су тасқыны болған өңірлерде 20 мыңнан астам волонтер жұмыс істеп жатыр – Ерлан Қарин
Барлық аймақтардағы Достық үйінде еріктілер орталығы және гуманитарлық көмекті қабылдау орындары ұйымдастырылды
Бүгінде су тасқынына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді.
Қоғам белсенділері, волонтерлер және қарапайым азаматтар зардап шеккен жандарды қауіпсіз аймаққа көшіруге, гуманитарлық көмекті жинауға және жеткізуге, тұрғындарға ақпарат таратуға қатысты бірлескен жұмыста маңызды рөл атқарып отыр. Бүгінде су тасқынына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған. Олардың басым көпшілігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола және өзге де облыстардағы төтенше жағдайдар департаментінің қызметкерлеріне барынша жәрдемдесіп жатыр.
Қазақстан халқының Ассамблеясы тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіліп отыр. Жалпы республика бойынша қиын-қыстау жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге және қарғын су салдарын жоюға Ассамблеяның 9 мыңнан астам волонтері атсалысып жүр. Барлық аймақтардағы Достық үйінде еріктілер орталығы және гуманитарлық көмекті қабылдау орындары ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен адамдарды азық-түлікпен, ыстық тамақпен, киім-кешекпен, қажетті заттармен және техникамен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда Ассамблея тарапынан берілген қайырымдылық және гуманитарлық көмектің көлемі 110 миллион теңгеден асты.
Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұны «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты өз мойнына алды. Ауқымды филиалдар желісі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар «Жастар рухы» ерікті құтқарушыларды жинау, гуманитарлық көмекті сұрыптау және жеткізу жұмысын тиімді атқарып отыр.
Бүгін бірқатар ірі волонтерлік бірлестіктің өкілдерімен кездестік. Күнделікті ұйымдастыру мәселелерін талқылап, бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою үшін бірлесе жұмыс жүргізе беруге уағдаластық, - деді Ерлан Қарин.