Қостанайға көмек: Танымал блогердің оқырмандары бір тәулікке жеткізбей 27 миллион теңге жинады

Жансерік Қадырбаев қарғын судың азабын көріп жатқан ағайынға  көмектесіп жатыр.

Қостанайға көмек: Танымал блогердің оқырмандары бір тәулікке жеткізбей 27 миллион теңге жинады

Әлеуметтік желіде 1 миллионнан астам оқырманы бар белгілі тараздық блогер Жансерік Қадырбаев қарғын судан зардап шеккен Қостанай облысының халқына арнап, есепшот ашқан, деп хабарлады turkystan.kz jambylinfo.kz сайтына сілтеме жасап.

Блогер әуелі Қостанай облысының су басқан елді мекендеріне арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп, халықпен тілдесіп қайтқан. 

“Қаншама отбасы үйсіз-күйсіз қалып жатыр.  Бұл табиғат апаты дегеніміз - мылтықсыз майдан ғой. Біз туып, өскен жерімізді  тастамаймыз!”, - дейді тұрғындар. 

Ал Жансерік Қадырбаев қарғын судың азабын көріп жатқан ағайынға  көмектесу үшін есепшот ашқан. 

“Менің 100-200 теңгем не шешеді?”, “Үкімет көмектесуі керек, біз не жасай аламыз?”, “Менің ауылым емес қой” деген сияқты көмектесуге кедергі келтіретін ойдан аулақ болып, дәл қазір қол ұшын созайықшы. Оларға керекті азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар, жылытқыш сынды заттарды алып беруге мүмкіндігіміз бар”,- деп жазды блогер.

Жансерік Қадырбаевтың оқырмандары оның ұсынысын бірден қолдап, қостанайлықтар үшін ашылған есепшотқа ақша аудара бастаған.

Қайырымды жандар айналдырған бірнеше сағатта есепшотқа 27 миллион теңге аударып үлгерген. 

Айта кетейік, жиналған қаржы Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың керек жарағына жұмсалады.