Павлодарда «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры 8 жылға сотталды

Ұйым бөлімшесінің бас маманы оның сыбайласы болғаны анықталды.

Павлодарда «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры 8 жылға сотталды
freepik

Павлодарда мердігерден 4 млн теңге пара алған «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры сотталды. 

Ұйым бөлімшесінің бас маманы оның сыбайласы болғаны анықталды. Екеуі автожолға қызмет көрсетуші фирма басшылығын қорқытып, ірі көлемде ақша талап етіп келген.

Павлодар қаласының №2 соты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры А.М.-ға және бас маман Ө.З.-ға қатысты қорқыту жолымен ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.

Белгілі болғандай, өткен жылдың маусым айында лауазымды тұлғалар орындалған жұмыстардың актісіне қол қоймаймыз және Павлодар-Астана автожолын күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзамыз деп қорқытып, мердігерден жалпы сомасы 4 000 000 теңге пара ретінде ақша алған.

Бұған қоса филиал басшысына лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып та тағылды.

«Сотталушылар өздеріне тағылған кінәні толықтай мойындаған жоқ және ақтауды сұрады. Олардың отбасында жас балалардың бар болуын ескере отырып, сот филиал басшысын – 8, бас маманды 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті», - деп хабарлады Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.