Мүгедектерге мүмкіндік жасалуы тиіс

Мүгедектерге мүмкіндік жасалуы тиіс

Мүгедектерге мүмкіндік жасалуы тиіс
ашық дереккөзі
355
Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша кездесу өтті. Шарада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров «Кедергісіз келешек» жобасының мақсатына тоқталып, бұл бағытта филиалда атқарылған жұмыстарды саралады. – Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестіктермен  қол қойылған меморандум аясында өзара сабақтастықта бірқатар шаралар жүзеге асты. Өткен жылы партия филиалының қоғамдық қабылдауына түрлі сұрақтармен 34 мүмкіндігі шектеулі жан келсе, 30 тұлғаның мәселесі оң шешімін тапты. Мүмкіндігі шектеулі ата-ананың тәрбиелеп отырған оқу жасындағы балалары барын ескеріп, оларды мейлінше жұмыспен қамтуға атсалысуға шақырамын, – деді Нұржан Дүзбатыров. Сондай-ақ, шарада аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тілекбай Төлепқалиев, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Виктор Баштовенко сөз алып, халықты қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсінік берді. – Аудандағы әлеуметтік маңызды нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға икемделуі күн тәртібінде өткір тұрған мәселе. Бұл талапты орындау кәсіп өкілдеріне де міндеттеледі. Қарапайым дыбыс және таңба белгілерін орнатып, табалдырықтағы кедергілерді жойып, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше ықылас таныту керектігін өз қызметкерлеріңізден қатаң талап етіңіздер. Ғимаратты икемдеудің алғышарты осы, ең бастысы көңіл бөлу, – деді Тілекбай Төлепқалиев. Кездесуде ІІ топ мүгедегі Арман Айтбаев аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестігіне жауапты жетекші бекіту керектігін көтерсе, көп балалы мүмкіндігі шектеулі ана Рахатай Шалабаева өз кәсібін ашу үшін көмек керектігін алға тартты. Өзге де көтерілген сұрақтарға жауап берген сала мамандары кез келген жұмыссыз тұрғынның аудандық жұмыспен қамту орталығымен байланысуын ескертті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі риддерлік нұротандықтардың да жіті бақылауында. Апта басында партияның Риддер қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Серіктес жаңалықтары