Желіде тараған видеодан кейін мектеп директоры жазаланды

Видео балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына алаңдаушылық білдірген ата-аналардың да, халықтың да наразылығын тудырды

Желіде тараған видеодан кейін мектеп директоры жазаланды
Видеодан алынған кадр
1147

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы орта мектептердің бірінде жөндеу жұмыстары көрсетілген видео тарап жатыр. Видеода балалардың жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан және сабаққа жағдай жасалмаған білім ошағында жүргенін көруге болады, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Видео балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына алаңдаушылық білдірген ата-аналардың да, халықтың да наразылығын тудырды.

Жағдайды анықтау үшін Tengrinews.kz Жамбыл облысының білім басқармасына жүгінген.

Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы №2 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеу 2023 жылдың мамыр-қазанына жоспарланған болатын және бұл нысан мерзімінде аяқталмағандықтан, келісімшарт 2023 жылдың 20 қарашасына дейін ұзартылды.

Алайда күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмағандықтан, Мойынқұм аудандық білім бөлімі Жамбыл облыстық ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінген. Бүгінде №2 орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, бірақ техникалық қадағалаудың қабылдау актісіне қол қойылмаған. Білім ошағындағы ішкі жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланысты ғимаратты абаттандырумен кіші мектеп ұжымы айналысты. Ал видеода көрсетілген балалар сабақтан тыс уақытта ата-аналарымен бірге келген, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған оқу орнына оқушыларды кіргізген мектеп директорына тәртіптік шара қолданылған.

№2 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты 1-4 сынып оқушылары іргелес мектеп ғимаратында, 5-11 сынып оқушылары ауыл әкімшілігі ғимаратында білім алып жатыр.

Серіктес жаңалықтары