Ораза кезінде немен айналысқан жөн? – маңызды сұрақтарға жауап

Оразаға байланысты маңызды сұрақтарға жауап берілді

Ораза кезінде немен айналысқан жөн? – маңызды сұрақтарға жауап
Ашық дереккөз
4729

Бүгін Рамазан айының 13-күні. Осы орайда оразаға байланысты көпті толғандырып жүрген маңызды сұрақтардың жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

Ораза кезінде немен айналысқан жөн?

Ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Мұсылман адам бұл ғибадатты күллі денесімен орындаған абзал. Яғни тілімен өсек айтпау, қолымен біреуге зиян тигізбеу, көзімен бөгде әйелге сұқтанып қарамау т.б. Сондай-ақ құлшылыққа ден қойып, садақа беру, адамдарға жақсылық жасау және Құран оқу сынды ізгі амалдарды орындағаны абзал.

Ауыз ашуға асығуға бола ма?

Құдси хадисте: «Менің ең жақсы көретін құлдарым ауыз ашуға асыққандар», делінсе (Тирмизи), басқа бір хадисте: «Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын жақсылықта болады», делінген (Мүслим). Сондықтан ауыз ашуға асығу дінімізде мұстахаб амалға жатады. Имам Шафиғи бір сөзінде: «Күннің батқандығы анық білінгеннен кейін ауыз ашуды кешіктіріп, өзінің осы әрекетін абзал көрген адам, хадистерге қайшы амал жасағандықтан, онысы мәкрүһ болмақ. Түнде ораза ұстау дұрыс емес. Ал кешіктіруді абзал деп ойламаса (жағдайға байланысты ауызашарды кешіктірсе), ағаттығы жоқ», деген (Имам Шафиғи, «Әл Умм»). Дегенмен ауызашарды кешіктірген адамның оразасы дұрыс саналады. Сонымен қатар ауызашар уақыты кіргенде жол жүрсе, бір жұтым сумен не бір түйір құрмамен болса да кешіктірмей ашқаны жөн.

Ауызды немен ашқан дұрыс?

Хадисте: «Сендерден кім ауыз ашса, құрмамен ашсын. Расында құрма береке. Егер құрма табылмаса, сумен ашсын. Өйткені су таза», деп айтылған (Тирмизи).

Оразаны арықтау, яки көппен бірге ұстай салайын деп ұстауға бола ма?

Оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп, яки көппен бірге ұстау дұрыс емес. Әуелі ниетті түзеп, бір Алланың ризалығы және парыз болғандығы үшін ұстайды. Сонда Алланың разылығын да алады, денсаулығына да оң әсері тиеді. Кез келген құлшылықтың қабыл болуы ниетке байланысты. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте: «Амалдардың барлығы ниетке байланысты», деген. Олай болса біздің Рамазан айында жасаған құлшылықтарымыз да ниетімізге байланысты мың құлшылыққа пара-пар болмақ. Кім қандай ғибадат жасаса да, оны шын ықыласпен орындауы тиіс. Әйтпесе, жасаған құлшылықтан еш пайда болмайды.

Сәресі уақытында әуелі су ішу керек пе, әлде ниет еткеннен кейін ішу керек пе?

Ауыз бекіту уақыты ниет еткеннен кейін емес, таң намазының уақыты кірісімен басталады. Сол себепті, сәресі уақыты әлі шықпаған болса (яғни, таң намазы кіріп қоймаған болса), қайта су ішуіне болады. Бұл әрекеті алдын-ала жасаған ниетін бұзбайды, һәм оразасы дұрыс болып саналады. Десе де ауыз бекітетін уақыт кірмеген болса, сәресіден кейін пастамен тісін тазалап, су ішіп болған соң ниет етіп, дұғасын жасағаны абзал.

Ақпарат «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды

Серіктес жаңалықтары