6 баланы өрттен құтқарған шымкенттік әйелге пәтер кілті табысталды

Қала әкімі Марина Гафароваға төрт бөлмелі баспананың кілтін табыстады.

6 баланы өрттен құтқарған шымкенттік әйелге пәтер кілті табысталды
Шымкент қаласының әкімдігі
1302

Наурыз мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысына хат жазған София Уркумбаева мен алты баланы өрттен құтқарған Марина Гафароваға пәтер кілтін табыс етті.

Жаңа жыл қарсаңында өткен «Тілектер шыршасы» дәстүрлі акциясында София Уркумбаева Президенттің атына хат жазған болатын. Жалдамалы пәтерде әкесімен бірге тұратынын айтқан кішкентай қыз Президенттен пәтер сұраған. Бүгін Софияның тілегі орындалып, үш бөлмелі пәтерге ие болды. 

Сонымен қатар, Ғабит Сыздықбеков алты баланы өрт ішінен алып шыққан Марина Гафароваға да төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. 

Өткен жылдың 16 желтоқсанына қараған түні тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққан болатын. Қызыл жалынды байқаған әйел отқа оранған үйдің терезесін сындырып кәмелетке толмаған балаларды сыртқа шығарған. Сол сәтте қала әкімі көпбалалы ананың ерлігіне алғысын білдіріп, төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстауға уәде берген болатын.

Салтанатты шарада Софияның әкесі Рүстенбек Үркімбаев пен Марина Гафарова Мемлекет басшысына ерекше алғысын білдірді. София да өзінің қуанышын жасырмай, өлең оқып, оны ел Президентіне жолдады.

Серіктес жаңалықтары