Семсерлесуден лицензиялық турнирде ел намысын кімдер қорғайды?

Грузиядағы әлем кубогіне Қазақстан сапынан 12 спортшы қатысады.

Семсерлесуден лицензиялық турнирде ел намысын кімдер қорғайды?
prosports.kz

22-24 наурыз күндері Грузия астанасы Тбилисиде шпагамен семсерлесуден әлем кубогы кезеңі өтеді, деп хабарлады turkystan.kz Prosports.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, аталған кезеңде әлемнің 60-тан астам елінен жиналған спортшылар рейтингілік ұпай мен Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін тартысқа түседі. Әсіресе, бұл дода қазақстандық шпагашылар үшін маңызды болмақ. Себебі, Руслан Курбанов пен Эльмир Алимжанов бастаған құрама тарихта тұңғыш рет командалық сында лицензия жеңіп алуы мүмкін.

Грузиядағы әлем кубогіне Қазақстан сапынан 12 спортшы қатысады.

Олар: Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов, Алексей Касаткин, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Александр Савин, Георгий Тинников, Никита Жулинский.

22-23 наурыз күндері шпагадан жекелей сындағы жеңімпаздар анықталса, 24 наурызда командалық жарыстан Олимпиада жолдамасының тағдыры шешіледі.

Қазіргі таңда Қазақстан командасы Грузияда оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Құрамадағы 12 спортшының ішінен төрт спортшы жолдамаға таласады. Олар - Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов төрттігі.

Егер Тбилисидегі әлем кубогі кезеңінде қазақстандық сәтті өнер көрсетіп, жолдамаға қол жеткізетін болса, Қазақстанға Париж Олимпиадасының төрт жолдамасы беріледі. Оның үшеуі жекелей сынға, біреуі тұтас командаға табысталмақ.

Айта кетелік, Грузиядағы әлем кубогі кезеңінде шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Азия құрлығындағы жалғыз жолдамаға таласады. Әлемдік ұйым қағидасы бойынша, олимпиадалық рейтингте алғашқы төрт орында тұрған командалар автоматты түрде жазғы ойындарға қатысады. Ал қалған құрамалары құрлыққа бөлінетін бір жолдаманы сарапқа салады.

Қазіргі кезеңде Қазақстан командасы олимпиадалық рейтингте бесінші орында тұр. Соңғы рет Қазақстан командасы Оңтүстік Кореямен Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында кездесіп, ірі есеппен ұтқан болатын.