Наурыздың 10 күн тойланғаны – дұрыс шешім – мәдениеттанушы

Серік Ерғали Наурыз мейрамының тарихы мен негізгі мағынасын баса айтты.

Наурыздың 10 күн тойланғаны – дұрыс шешім – мәдениеттанушы
turkystan.kz
3459

Биыл елімізде Наурыз мерекесі ерекше аталып өтпек. Осы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Наурызды14-інен бастауды осыдан 15 жыл бұрын тұжырымдама жасап шығарған белгілі мәдениеттанушы, түрколог Серік Ерғали ұсынған.

Серік Ерғали Наурыз мейрамының тарихы мен негізгі мағынасын баса айтты.

«Наурыздың мейрам ретінде тарихы ертеден басталады. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының айтуына қарағанда бұрын ол «наурыздама» делінген, «наурызнама» емес. Ол наурыздама Төле бидің кезінде өте жоғары деңгейде болғанын жазған. Сол кезеңде мейрамды қазақта той ретінде атап өтетін. Оны байларға жүктейтін. Яғни, бай-қуатты адамдар қаржысын, малын бөліп мерекені ұйымдастырған. Түркістан Республикасының халық комиссары болған Тұрар Рысқұлов 1920 жылы «Наурыз» мерекесін тойлау туралы жарлыққа қол қояды. Бірақ 1926 жылы бұл мерекені атап өтуге Кеңес үкіметі тыйым салған. Ресми түрде мерекеленбесе де, халық одан бас тартқан емес. Қарапайым ел шалғай жерлерде тойлаған. Ол Юлиан күнтізбесі бойынша 1 наурыз, ал қазіргі 14 наурыз. Батыс өңірлердегі көпшілік Наурыз мейрамын тойлауды бұрыннан-ақ 14 наурызда бастаған», – дейді мәдениеттанушы.

Ғалымның бұрынырақта наурыз айын Наурыз деп атамағанын айтады.

«Наурыз айы «амал» деп аталып келді. Амалдың ежелгі мағынасы бар – ол шумер дәуірінен келе жатыр. Бұл «ха-мал» деген сөз. Тоқты шоқжұлдызының қозғалмайтын «хамал» деген жұлдыз бар. «Ха» деген маңдай, «мал» деген тоқты дегенді білдіреді. Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы жұлдыз. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Оны астрономия ғылымында нөлдік градус деп атайды. Сол 14 наурызға сәйкес келеді. Каспийдің арғы беті «қамал» дейді наурыз айын. Каспийдің бер жағы «амал» деп атаған. Наурыз айын 1990 жылдардан бері қарай қазақшаладық. Бұрын бұл айды «Наурыз» деп атамаған. 14 наурыз – жыл басы, мүшелдік жылдың кіруі деп есептеледі. 90 күн қыс наурыз айының 13-інде шығады. Қоян жылының қысы шықты, ұлу жылы кірді. Яғни Жаңа жыл болып есептеледі. Жаңа жыл кірген кезде қазақтар бірін-бірі көрісіп құттықтаған. Оны біз қазір Көрісу күні, Амал мерекесі деп атап келеміз. Көрісу жаңа жылдық құттықтаудың ғұрпы болды. Қазір «Көрісу» күні бар. Қазақ бір күн емес, бір ай бойы көріседі. Сондықтан бір күнді «Көрісу» күні деп атау дұрыс емес. Көріскен адамдар «Жасың құтты болсын!», «Жыл құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. «Амал келді – жыл келді» деген сөз бар. Амал айы келді, сонымен бірге жаңа жылда келді дегенді білдіреді», – дейді ол.

Наурызтанушының айтуынша, біздің жаңа жыл көктеммен бірге келеді. Яғни 14 наурыз – көктемнің бірінші күні, жылдың басы, уақыттың межесі.

«Қазақстанда Наурыз мерекесі 1988 жылдан бастап қайта тойлана бастады.  1991 жылы Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мейрамын ресми мереке деген Жарлыққа қол қойды. Содан бері 21-22 наурызда «Наурыз» мейрамы тойланды. Ал 2010 жылдан бері үш күн – 21-23 наурыз аралығында тойланып келді. Сол жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Бірақ оған дейін біз Наурыз мейрамы деп тек күнмен түннің тенесуін алып келдік. Ал қазақта Жаңа жыл жайында ұмыт қалды. 21-22 наурызда Жаңа жыл деп те, көктем мерекесі деп те айтты. Мен 2009 жылдан бастап санағанда тұжырымдама жасағаныма15 жыл болды. Онда 14 наурыз бен 22 наурыз аралығын қосу туралы, 9 күндік «Наурыз» фестивалін өткізу туралы айттым да, жаздым да. Міне, биылдан бастап іске асып жатыр. Енді Наурыз 10 күн тойланады. Менің басты мақсатымның бірі орындалды», – дейді С.Ерғали.

 

Серіктес жаңалықтары