Жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын – Тоқаев

Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды.

Жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын – Тоқаев
akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде айтты, деп хабарлайды turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет.

Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал.

Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни, жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр.

Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай болады? Бұл сұрақтың жауабы – анық. Айтпаса да түсінікті. Шын мәнінде, бұған үлкендер де кінәлі. Көбінесе, ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз», – дейді Мемлекет басшысы.