Павлодарда мектеп оқушылары жаппай төбелескен
11 жастағы баланы кезекші дәрігер травматология бөлімшесіне орналастырған.
Павлодарда мектеп оқушылары төбелескен, деп хабарлады turkystan.kz.
Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде Қ.Мақпалеев мектебінде бірнеше оқушы арасында төбелес болғаны туралы ақпарат жарияланды. Облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«13 наурызда мектептің қасында төртінші сынып оқушылары арасындағы ойын салдарынан жанжал шықты. Бір оқушы бас жарақатымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды», – деді департаментте.
Зардап шеккен 11 жастағы баланы кезекші дәрігер травматолог қарап шығып, травматология бөлімшесіне орналастырған.
«Балаға жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы диагноздары қойылған. Барлық қажетті емдеу және диагностикалық шаралар жүргізілуде. Оқушының сөзінше, оны жоғары сыныптағы балалар ұрып-соққан», – деді облыстық балалар ауруханасында.
Полиция департаменті 13, 12, 11, 10 жастағы балалардың тәртібі мектептің тәртіптік кеңесінде қаралғанын мәлім етті.
«Барлық ата-аналар кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», – деді департаментте.
Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте аталған мектепте шу шыққан болатын. Төртінші сынып оқушысы өзінен төмен оқитын оқушыны зорлық-зомбылық сипаттағы әрекет жасауға итермелеген. Жәбірлеуші оның барлығын видеоға түсірген. Бұл жағдайды полиция зерттеп, ата-аналар жауапкершілікке тартылған еді.