Аида Балаева Бишімбаевтың ісі қаралып жатқан сот залына журналистердің кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді

Ол министрліктің журналистерді қажетті орынмен қамту жұмысын жүргізетінін жеткізді

Аида Балаева Бишімбаевтың ісі қаралып жатқан сот залына журналистердің кіргізілмеуіне қатысты пікір білдірді
sputnik.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты алдын ала тыңдау кезінде сот залына журналистердің кіргізілмеуін сөз етіп, өз ойын білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.

Ол министрліктің журналист құқықын шектеуге жол бермеу, ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету және объективті ақпарат тарату ұстанымын берік сақтайтынын баса айтып өтті.

«Бұл ретте кешегі сот отырысында арнайы орынның болмауына байланысты БАҚ өкілдері сот отырысын белгіленген бөлек бөлмеде отырып көрді.

Алайда БАҚ өкілдеріне тиісті орындар болуы керек. Осы жағдайды ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, журналистерді қажет орындармен қамту жұмысын жүргізетін болады.

Жалпы, БАҚ өкілдерін сот процесін жариялау кезінде бірқатар этикалық аспектілерді, атап айтсақ, заң үстемдігін, бейтарап әділеттілікті ескеріп, жалған ақпараттың таралуынан және кез келген формада сот қызметіне араласудан сақ болуға шақырамын», – дейді А.Балаева.