Екібастұзда Балалар шығармашылығы орталығы ашылады

Онда ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, зертхана т.б. ашылады деп жоспарлануда.

Екібастұзда Балалар шығармашылығы орталығы ашылады
Шығармашылық орталық. Фото: primeminister.kz

Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Екібастұздағы жаңа Балалар шығармашылығы сарайының құрылыс барысымен танысты.

Ауданы 7,2 мың шаршы метр болатын заманауи орталық балаларды сапалы қосымша біліммен қамтуды кеңейту мақсатында салынып жатыр.

Балалар шығармашылығы сарайы ең жоғары технологиялық құралдармен жабдықталады. Онда ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберхана, спортзал және т.б. ашылады деп көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасы құйылып, ең астыңғы қабат пен металл құрылымдар орнатылды. Биылғы күзде пайдалануға беру жоспарланған. Премьер-Министр әкімдікке жобаның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан объект, сондықтан сапасы да өте жоғары деңгейде болуы керек. Мұндай орталықтар балалардың бос уақытын қамтып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 70%-ды құрамақ. Жоба менің жеке бақылауымда болады», - деді Олжас Бектенов.