Алаш қайраткерлерді әдеби шығарманың кейіпкерлеріндей бір-біріне қарсы қою – дұрыс емес – зертетушілер

Egemen Qazaqstan газетінде «Ұлт қайраткерлерін әдеби кейіпкерлердей бір-біріне қарсы қою – әбестік» деген мақала жарияланды.

Алаш қайраткерлерді әдеби шығарманың кейіпкерлеріндей бір-біріне қарсы қою – дұрыс емес – зертетушілер
alash.semeylib.kz
786

Аталған мақалада зерттеушілер 20-жылдардың тарихын білмей жатып, оқиғалар мен фактілерді біржақты түсініп, оқырман мен жас ұрпақты адастыруға болмайтынын басып айтады. Осы ретте біз біраз деректек қамтылған бұл мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

"Тәуелсіздік жылдары ұлт тарихын түген­деуге айрықша еңбек сіңірген тұлғаның бірі – Ұлттық ғылым ака­демиясының құр­метті мүшесі, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Талас Омарбеков (1948-1921). Ғалымның 20-30 жылдардағы аштық қасіреті, ұлт зиялылары туралы еңбектері таңдаулы классикалық зерт­теулер қатарында. «Алаш» тарихи зерт­теу орталығында (Алматы) ұлт­тың генеа­логиялық тұтас­тығы жөнінде ғылыми-жобаларды жүзеге асырды. Абай уни­вер­ситетінде, Әл-Фараби университетінде, Ш.Уәлиханов тарих және этнология институтында тарихшы ғалымдарды даяр­лауға атсалысты. Ол – мектепке арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы. «Қазақ газеттері» құрамына енетін тарихи-танымдық «Ақиқат» журналында қызмет істеді. 4 томдық «Қазақстан (Қазақ елі) тарихын» жазуға жетекшілік етті («Ежелгі өркениеттерді зерттеу орталығы»). Парламент Сенаты әзірлеген көптомдық «Ашаршылық» жинағына қатысты. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жуан ортасында жүрді.

Өкінішке қарай, қабілет-қарымы елге қажет шақта әлемге нәубат болып келген пандемия салдарынан бақиға озды.

Ғалым қайтарының алдында (5.05.2021 жыл) Әлихан Бөкейханның 155 жыл­дық мерейтойына орай «Тарлан» интел­­лектуал­дық клубының мүшелерімен кез­десіп, ой-тұжы­рымын ортаға салған екен. Ұста­­зы­мыздың таспаға жазылып қал­ған осы сөзін хатқа түсірген едік.

Биыл тарихшы-ғалым Талас Омар­бековтің ұлт ғылымына үлкен жаңа­лық алып келген «Қазақ шаруаларын жекеменшіктен айыру және күштеп ұжымдастыру» («Лишение собственности и насильственная коллективизация казахских крестьян», 1994) атты докторлық диссертациясына 30 жыл толады. Осы тарихи оқиғаны еске сала отырып, «Тарлан» алаңындағы сөзі мен соның жалғасындай жас тарихшыларға арналған онлайн пікірін (11.05.2021 жыл) оқырманға ұсынамыз.

Сіздерге тарихты жазудың қиын­дығын айтайын. Неге жаза алмай отырмыз? Әңгіме мынада. Бұл тарихты жазу үшін, «Тарихты кімге арнап жазамыз?» деп ойлауымыз керек. Біздегі тарихшылар­дың жарым-жартысы – орыс­тілді, орыс мектебінде оқығандар. Ал енді қазақ мектебінде оқығандар да жетісіп тұрған жоқ. Олар менің айтып отырғаным сияқты: Алашорданы мақтағанда, большевиктерді жамандайды. Тұрсын Жұртбай деген досым бар. Жазушы, әдебиет тарихшысы. Сол «Сәкен Сейфуллинді сатқын», «Тұрар Рысқұлов Алашты ұстап берген» дейді. Ал енді мұның себебі мынау: 1934 жылы Тұрар Рысқұлов Алашорда туралы Алаш­ты айыптап мақала жазды. Сәкен Сейфуллин 1927 жылы Алашорданы әш­керелеп «Тар жол, тайғақ кешуді» жаз­ды. Неге? Өйткені Алашорда 1925 жылдан кейін қуғындалды. Кімде-кім Алашқа жақын болса, сол қуғынға ұшы­рады. Мұнан кейін 1930 жылдың ба­сында Алаштың 44 қайраткеріне сот бол­ды. Олар жер аударылды. Біразы алға­шында ату жазасына кесілді. Содан кейін 1934 жылы Тұрар Рысқұлов Алаш­ордаға қар­сы мақаласын жазды. Се­бебі оған ­саяси қауіп төнді. Бұрын оны «пантүркист» деп жүрген, енді оның жеке басына «Алашпен байла­нысты» деген жала жабылып жатты. «Басмашыларды басқарған Зәки Уәли­димен дос болған» деп, табалады. Өйткені башқұрт қайраткері эмиг­рацияға кеткен еді.

З.Тоған «Хатирасында» (естелік кітабы) расында «Тұрар Рысқұловпен дос едім, байланыс жасап тұрдық» деп, атап жазады. Ал енді осындай жағдай­да Т.Рысқұлов жанын сақтап қалу үшін қайтті? Аман қалуы үшін, Алашпен бірге түрмеге айдалып кетпеуі үшін Алашорданы сынап, аталған мақала­ны жазды. Бұл – бір. Ал енді біз мынаны айтқымыз келмейді. Қазір Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековті мақтап жүрміз ғой. «Әлімхан Ермеков Ленинге барып, шекарамызды сызып берді» деп... Шекараны жасаған Әлімхан Ермеков емес қой! Оны жасаған – Әлихан Бөкей­хан мен Ахмет Байтұрсынұлы. Әлім­хандардың сүйенгені – солар. Әлихан тұрғанда Әлімхан Ермеков шекараны қалай сызып, дәлелдеп жасайды? Әлихан Бөкейхан оның баяндамасын дайындап, күн сайын құлағына «Мынаны Ленинге бүйтіп айт» деп сыбырлап тұрғаны түсінікті. Әлекең қазақ жерінің қыр-сырын, ой-шұқырын, саяси амалдарды біркісідей білді. Әлихан болмаса, алаш тұғырлы Алаш бола алмайтын еді. Руха­ни жағынан А.Байтұрсынұлы бол­маса, алаш тиянақты Алаш бола алмай­тын еді. Бәрінің басын қосқан – осы екеуі... Ең мықтылары – Әлекең мен Ақаң!..

Енді Мұстафа Шоқайға келсек, ол негізі түріктік идеямен кетті. Әр тұлға­ның жолы мен саяси салмағына дұрыс баға берген жөн. Айтайын дегенім: сіз­дер Мұхтар Әуезовтің 1932 жылы Алматы түрмесінен Ф.Голощекинге жібе­рілген хатын оқыдыңдар ма? Онда М.Әуе­зов сыпайы ғой, өзін-өзі жамандай бе­реді. Жалпы мағынасы: «Мынау оңбаған Алаш дегенге бекер түсіппін, бекер мүше болыппын. Абайды бекер зерттеппін. Енді Абайға жоламаймын, ол – байдың тұқымы. Мынау енді Алаш­орда деген – біздің қоғамға мүлде жат идеология. Бұдан енді аулақ жүремін». Шамамен осылай деген.

Ал осы кезде сол абақтыда жатқан Әлімхан Ермеков одан да асып түсті. Тіпті оқыған кезде ұялғанымнан төмен, үстелдің астына қарадым... Әлімхан Ерме­ков жанын алып қалу үшін Алаш­ордаға жақпаған қара күйесі жоқ. Бұл екі хат 1932 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды.

Біз, әрине, тарихшы ретінде Мұхтар мен Әлімханның неге бұлайша хат жаз­ғанын жақсы түсінеміз. Бәрі уақытпен, тарихи жағдаймен салыстыра қарай білген дұрыс. Контекстен фактіні жұлып алмай...

Ал енді бүгін Алашты мақтап жүр­ген азаматтар «Т.Рысқұлов пен С.Сей­фуллинді сатқын» дегенде, аталған еке­уінің (М.Әуезов, Ә.Ермеков) хатын айт­пайды. Олар да жанын сақтап қалу үшін жазды. Солай!

Әлімхан Ермеков Алашты жетіс­кеннен емес, өтірік жамандап отыр. Тұрар Рысқұлов та өтірік жамандап отыр. Өйткені Тұрар Алаш азаматтары­ның бірсырыпасымен бірге жүрген, талайымен жақын араласқан. Бажа­сы – Жаһанша Досмұхамедұлы.

1920 жылы Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы, Низаметдин Ходжаев, Ахмет Зәки Уәлиди, Харис Юмағұлов (башқұрт) бесеуі қол қойып В.И. Ленинге жазған хат бар. Бізге мемлекет алып келген, ... ұлттық тәуелсіздіктің рухани негі­зін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы есімі осы хатта Тұрар Рысқұловтан кейін тұр. Бесеу­дің ішінде бірінші фамилия Т.Рыс­құловтікі. Енді ойланыңыздар: А.Байтұрсынұлы мен Ә. Ермеков жаңағы бесеудің ішінде неге бірге жүрмеген? Себеп: большевиктер бақылауға ала бастағанда, қайраткерлер бірінен-бірі қаша бастады. Өйткені біріне-бірі «ке­дергі жасайтын» болды.

Мынадай дерек бар. Д.Қамза­бек­ұлының «Смағұл Сәдуақасұлы» атты кітабын қарасаңыздар, содан көре­сіз­дер. Смағұл Сәдуақасұлы 1933 жылы Мәскеу-Донбасс теміржолында «апатқа ұшырап», қапияда қаза болады. Ол – Әлиханның күйеу баласы. Сонда Сә­дуақас молда (әкесі) елден жанына жа­қын адамдарын ертіп Мәскеуге же­теді. Ә.Бөкейханның коммуналдық пәте­рі­нің есігін тақылдатса (мен барып көр­ген жоқпын, біреу «бір жарым бөл­мелік» дейді, біреу «екі бөлмелік» дейді), орыс әйел ашады. Күтуші әйел екен, кір жуып жатыр екен. Ол кезде Әлиханға кө­мектесетін ешкім жоқ қой. Содан Сәдуақас құдасы ішке еніп, Әлиханға ұрсады: «Сені қазақтың ханы деп жүрсек, қазақ­тың бетке ұстар тұл­ғасы деп жүрсек, не қазақтығыңнан қал­ғансың ба? Мынау не, қаралы хабарды жеткізбейсің, біз келіп тұрғанда есікті өзің ашпайсың...». Баласынан айырылып отырған жанның ашуы. Ал құдасы (Сәдуақас ақсақал­­ға, кейін репрессия­ланатын молда Сә­дуа­қас­қа) кетерде, Әли­хан Бөкейхан бы­­лай деп айтады: «Тұрар Рысқұловқа кі­ріп шы­ғыңдар!». Көрдіңіздер ме? Т.Рыс­құлов Кремльде отыр ғой. Тұрар мен Әлиханның арасында байланыс болып тұр ғой. Сөйтіп, өзі сыртта қалып, Т. Рысқұловты кіргізіп жібереді. Ал кіргенде, Тұрар не істейді? Архивте бар, «Сәдуақас ақсақалды бар­лық салықтан босатыңдар» деген қағаз жазып береді. Енді өздеріңіз айты­ңыздаршы: коммунист Т.Рысқұлов пен алаш Ә.Бөкейхан арасында байланыс жоқ па? Болғанда қандай!..

Күрделі кезеңде Голощекин айласын асырып қуғынды ұйымдастырғанда, Т.Рыс­құлов Мәскеуге барды ғой. Ба­рып Кремльде отырғанда, Ә.Бөкейхан Сталинге де таныс адам, ол кезде кіре­­­беріс бос. И.Сталин мен Т.Рысқұ­лов­­тың кабинеті қатар болған. Әли­хан Тұрардың қабылдауына барыпты. Енді құттықтайын деді ме, кім біл­сін? Сөйтсе Т.Рысқұловтың қабылдау бөл­месінде орыс әйел отыр екен. ОГПУ-дың тыңшысы ғой хатшы әйелдер. Т.Рысқұлов оны өзі қойған жоқ. Тая­ғын тықылдатып барып Ә.Бөкейхан жа­ңағы әйелге есікті нұсқапты. «Ана бас­тығыңа айт. «Бөкейханов келді» де...». Рысқұловтың жасы кіші, орнынан атып тұрса (Әлекеңді «Ханның тұ­қымы, Шыңғысханның ұрпағы» деп бүкіл Мәскеу біледі), анау орыс әйелі Т.Рысқұловқа жүгіріп кіріп: «Бөкей­ханов келіп тұр» депті. Сонда Тұрар айтыпты: «Айтыңыз, ол кісіні қабылдай алмаймын» деп. Қабылдаса – бітті саудасы. Аңдып тұр ғой. «Қашан Ә.Бөкейханмен бетпе-бет кездесер екен?» деп.

«Содан кейін не болған екен?» де­ңіз. «Қабылдай алмайды» дегенді есті­ген Әлекең жалт бұрылып, таяғын ты­қыл­датып шығып кеткен. Бірақ Тұрар артынан не істеген? «Күншығыс» баспа­сы­ның басшысы Нәзір Төреқұловқа (ал­ғашқы дипломат) басқа жолмен: «Әлихан Бөкейханов жұмыссыз жүр екен, баспаға жұмысқа орналастыр» деп айтыпты. Бірден білген ғой не үшін келгенін. КСРО Шығыс ұлттар баспасына библиограф қылып орналастырған – Тұрар Рысқұлов.

Біз оны айтамыз, Әлекең өзінің күйеу баласымен да дұрыс кездесе алмапты. Әр жерден қарауыл қойылған заман. Сма­ғұл Сәдуақасұлы – Қазақстанның ха­лық ағарту комиссары. Голощекин­мен айтысып жатқан кезі. Баласы Ескен­дірді көруге барады. Әлекең таяғын тықылдатып Мәскеудің пәлен деген ора­­мындағы (переулок) көше маңына Ескендірді ертіп келеді екен. Ескендірге айтатын ұқсайды: «Қазір жарты сағаттан кейін немесе түген минуттан кейін мына жерге әкең келеді. Қозғалмай күтіп тұр. Мен түген сағат пәлен минуттан соң сені осы жерден алып кетем».

Әлихан Бөкейхан жиен-немересін ­тастап, қайтып кетеді. Смағұл Сәдуақас­ұлы сол белгіленген жерге келіп, баласымен Мәскеуді аралап, оған киім алып беріп, тағы да әлгі орынға оралып: «Пәлен минуттан кейін осы жерге атаң келеді. Ешқайда кетіп қалма, сені алып кетеді» дейді екен. Трагедия ғой. Туған күйеу баласымен кездесе алмайды. Күйеу баласы – большевиктердің наркомы. Ал өзі – қуғындағы Алашорда­ның лидері. Ол С.Сәдуақасұлымен кездесіп, құшақтасып көрісер болса, онда Смағұлға болашақ жоқ, құриды...

Смағұлды ақтық сапарға шығарып саларда Тұрар қазақы дәстүрмен жігері құм болған Ә.Бөкейханға көңіл айтқан. Мұны хаттап, жазып алғандар болған.

Міне, осындай күрделі ахуалды біліп отырмыз. Енді не істеу керек? Тарихты қалай жазу керек?

Мәселеден бастайық. Біздің қазір­гі орыстілді тарихшыларымыз «акаде­миялық басылым» дейді. Осылай деге­ніне күлкім келеді. «Академиялық басылым» деген – кеңес өкіметінен қал­ған ауру. Сол атаумен тарихи оқиғалар­ды қалай бұрмалап жазғанын бәріміз білеміз. «Академиялық басылым» болғандықтан, бұл зерттеуде ауызша жеткен дерек, олар «мифология» деп санайтын халық жадындағы әңгіме болмауы керек.

«Мифология араласқан қазақтың шежіресін пайдалануға болмайды. Қа­зақ­тың батырлар жырын пайдалануға бол­майды. Қазақтың дастандарын пай­далануға болмайды. Мақал-мәтел­дерді пайдалануға болмайды...». Осылай деген, әлі де осылай деп жүр...

Онда тарихымызға ұлтқа, таза қазақ­қа ғана тән көсемдер, рухани тұлғалар кірмейді. Оған бүкіл түркіге ортақ Қор­қыт енбейді. Оған Асан қайғы кірмейді. Оған біздің тарихымыздағы үш Майқы би де енбейді. Қазақтың ру-тайпасын аман алып қалған немесе қорғаған батыр­дың барлығы кірмейді. Аттары ата­луы мүмкін... «Аңырақайға бәлен-бәлен қатысты» дей саламыз... Болды. Әр батыр­дың тарихы жазылмайды. Хан­дардың тарихын айтпай-ақ қояйын. Хандардың тарихы оқшау, немкетті жазылады. Ал сонда қандай тарих жазуымыз керек? Ғалымдар ғана оқитын емес, халық оқитын тарих жазу керек.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қайраткерлерді әдеби шығарманың кейіп­керлеріндей бір-біріне қарсы қой­май, тарихтың күрделі контексіндегі елдік, ұлт­тық, халықтық мүддесін алға шы­ғарып, жан-жақты зерттей білуі­міз қажет. Құр коммунист аты үшін немесе белгілі саяси мақсатта («өз­ара сын» науқаны) жазған хаты мен мақа­ласы үшін жазғыру – әбестік. Орыс оқығандары мұндайды «неэтично, неприлично» дейді...

Сәкен мен Тұрарды қазақтың азат­тық идеясына, ұлттың саяси-эконо­микалық дербестігіне қарсы қойып, большевизмнің түрлі қиямпұрыс әрекет­терімен байланыстыру – 20-жылдардың тарихын мүлде білмеу немесе оқиғалар мен фактілерді өзінің қабылдауынша біржақты түсініп, оқырман мен жас ұрпақты адастыру.

Қай мемлекетте болсын тарих іргелі ғылымға айналғанда ғана шынайы та­рих жазылады. Әлем тәжірибесінде тарих – саясатсыз өмір сүре алатын ғылым. Түбі бізде де солай болады. Қазір мемлекет­тің саясаты да, ғылымы да даму жолында. Біз Қазақстан өркенді ел қатары­нан көргіміз келеді. Сол кезде жаңа буын тарихшылар шығады деп үміттенемін. Олар Талас Омарбековтің, басқа да замандас әріптестерімнің зерттеулеріне сын көзбен қарайды. Дұрыс, бұл – ғылым талабы. Біз – кеңес кезеңінде даярланған маманбыз. Коммунистік жүйе тәлімі мен тәрбиесі санамызда тұр. Сондықтан екі жүйенің тарихшысымыз. Бұл – біздің кемшілігіміз емес, өмірдің шындығы. Біз қазір коммунистік жүйені сынаймыз, бірақ қазақ тарихын сол жүйемен салыстырып жазамыз.

Әрине, біз демократиялық қоғамда өмір сүрсек, тарихымыз да, жазғанымыз да басқаша болар еді деп армандаймыз. «Жоққа жүйрік жеткен бе?», біздің бірнеше буын тоталитарлық жүйеде өмір сүрді. Компартияны мақтау қалыпты жағдай еді. Қазір Сәкен мен Тұрарды сынап жүргендердің 70-80 жылдары не жазғаны кітапханаларда тұр ғой. Ешкім еш жаққа әкеткен жоқ.

Иә, заман қандай – тарихшы сондай. Тарих та сол аяда жазылады. Біз өт­пелі кезеңнің тарихшысы болсақ та, жаңа буын жолына жарық түсіру үшін де өткенге ғылым көзімен қарау – асыл парызымыз.

Келешекте ел тарихын ешқандай жүйемен салыстырмайтын, шынайы жаза­тын тарихшылар келеді. Біз со­лар­ға көпір салуға міндеттіміз. Ел тарихын түгендейтін нақты ғылыми жобалары бар, қаржы мәселесі жүйелі ше­шілген, ешкімге жалтақтамайтын сондай ғалымдар басқа жақтан келмейді, өз ішімізден шығады".

Әзірлегендер –

Рамазан Әбілдос, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкері,

Ескерген Иманбай, зерттеуші

Серіктес жаңалықтары