Депутат «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды
Оның атап өтуінше, алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет.
Ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту қажет. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтты.
«Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киімізді өзіміз емес, өзге елдерде кеңінен ұлықталу үстінде. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп елдің назарына түскен видеосы 5 миллионға жуық қаралым жинап, халықтың ыстық ықыласына бөленген. Елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждер мен акциялармен ғана ұлықталуда. Соңғы уақытта жалпы халық арасында «Ұлттық сезім» жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды», - деді депутат.
Оның атап өтуінше, алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет.
«Мәселен, бауырлас қырғыз халқы бастарынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ, оны қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Ол қала берді ұлттық киімдерін сақтау мақсатында, 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Бұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар. Көршілес өзбек халқы да ала тақиясы мен шапанын күнделікті киеді. Сол секілді шешен халқы да елтірі бөрігімен ерекшеленеді. Біз де өз ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айрылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық», - деді Дәулет Мұқаев.
Осы орайда ол Үкіметке бірқатар іс-шараны қолға алуды ұсынды.
«Біріншіден – ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден – мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу. Үшіншіден – Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру, халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру. Төртіншіден - мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу», - деді Мәжіліс депутаты.