Университет ғалымдары тағам құнарлылығын арттыратын биологиялық қоспа әзірлеп шығарды

Зерттеу кезінде сиыр сүтіне қарағанда қой сүтінің құрамында Д дәрумені он есе жоғары екенін білдік. Қой сүті адам ағзасындағы кортизол деңгейін түсіреді және ас қорытуды жақсартады.

Университет ғалымдары тағам құнарлылығын арттыратын биологиялық қоспа әзірлеп шығарды
3225

ҚазАТЗУ ғалымдары  азық-түлік өнімдерін байытатын Bio-AP биологиялық белсенді қоспасын әзірлеп шығарды. Осыған орай Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінде «Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және өңдеу» жөніндегі ғылыми тәжірбиелік алаңында  баспасөз туры өтті. Тур барысында аға ғылыми қызметкер Мулдашева Ақнұр Хайратқызымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

«Әуелі айта кету керек, бұл ғылыми жаңалық «Гранттық қаржыландыру» жобасы аясында жүзеге асты. Яғни, біз өсімдік шикізатын, атап айтқанда  портулак пен ырғай жидектерінің негізінде биологиялық белсенді қоспа дайындадық. Бұл биогиялық белсенді қоспаның артықшылығы – антиоксиданттық белсенділігі өте жоғары. Қоспаның құрамында С дәрумені жеті есе белсенді болып келеді. Бұл – біріншіден адам ағзасына, денсаулыққа өте пайдалы және өнімді шығарушы үшін оң әсерін береді. Антиоксиданттар майлардың тотығуына кедергі жасап, өнімнің сақталу мерзімін ұзартады. Биологиялық белсенді  қоспаны ет, сүт тағамдарына қосуға болады. Алдағы уақытта жылдан жылға олардың саны артып, өнім түрлері де көбейеді. Әрине, адам ағзасына қандай пайдасы барын әлі де зерттеп жатырмыз», – дейді Ақнұр.

Ғалымның айтуынша, белсенді қоспаны әзірлеуге 2 жылдай уақыт кеткен. Міне, соңғы үшінші жылда толық дайындап, нәтижеге қол жеткізуге жұмыстанып жатқанын айтады.

«Биологиялық белсенді қоспаның ең негізгі құрамы – портулак пен ырғай жидегі. Жалғыз Солтүстік Қазақстан облысында өсетін ырғай жидегінің пайдасы өте зор. Әрине, әуелі Солтүстік Қазақстан облысының  шикізат өнімдерін, өсімдіктерін олардың  пайдасы мен қасиеттерін зерттей келе  бұл өсімдікті қолданып осындай қоспа әзірлейміз деген ойға келдік. Айтып өткенімдей, биоөнімдік қоспа тағамдардың құнарлылығын арттырып, салауатты өмір салтының кепілі десем де болады. Қазіргі күні таза табиғи өнімді табу қиын. Көпшілігіміз түрлі қоспалар қосылған азық-түліктерді қолдануға мәжбүрміз. Олардың әрине  құнарлылығы өте төмен. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешілетініне сеніміз мол және өнімдердің тұтынушыларға тезірек ұсынылуын қалаймыз», – дейді ғалым.

Техникалық мүмкіндік ғылыми жаңалықтың бастауы екенін жасырмады.

«Университетімізде «Сүт және сүт өнімдері технологиялары», «Ет және ет өнімдері технологиялары» деген сияқты  арнайы сабақтар оқытылады. Студенттер осы өнімдерді қалай дайындау керегін тәжірибе жүзінде өздері үйреніп, цехта әзірлеп шығуға мүмкіндіктері бар. Орталық Азия бойынша Қазақстанда, оның ішінде біздің университетімізге алғаш рет қой сүтін сауу мобильді аппараты әкелінді. Түркия елінің  «TIKA»  Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің көмегімен осындай аппарат алған болатынбыз. Қолдануға өте ығайлы әрі  шаруашылықтарға алып жүре беруге болады. Арнайы 500 литрлік  сүт сақтайтын танкасы да бар. Сүтті салқындатып, барынша сақтап тұрады. Алыс орналасқан фермалардан сүтті сауып келген кездерде де сүтті 4 градуста қалыпты күйде сақтауға көмектеседі. Сауылған сүтті цехқа әкеліп әрі қарай өнімді әзірлеу жұмыстарын жалғастыра береміз», – дейді ғылыми қызметкер.

Ғалым қой сүтінен ірімшік әзірлеп жатқанын да айта кетті. Оның айтуынша, қой сүтінен әзірлеудегі басты мақсат – ата-бабаларымыздың жолын жалғап, ұлттық құндылығымызды дәріптеу.

«Негізі, ірімшікті сүт өнімдерінен әзірлеп жатады ғой. Көбінесе түйе, ешкі, сиыр сүттерінен әзірлейді. Қазір қой сүтінен ірімшік әзірлеп жатырмын. Бұл әлі Қазақстанда жоқ өнім деуге болады. Біздің негізгі жұмысымыз Солтүстік Қазақстан обылысындағы қой тұқымдарына негізделген. Соған сай Солтүстік Қазақстан өңіріндегі қой тұқымдарының сүтін зерттеп, саумалдықпен байытып жатырмыз. Пандемия кезіндеде адам ағзасына бай органикалық тағамдарды іздей бастадық. Сол кезде сиыр сүтіне қарағанда қой сүтінің құрамында Д дәрумені он есе жоғары екенін білдік. Қой сүті адам ағзасындағы кортизол деңгейін түсіреді және ас қорытуды жақсартады. Одан бөлек аллергияға қарсы бірден-бір өнім саналады. Сондықтан қой сүтінен әзірленетін ірімшікті өте қажет әрі пайдалы өнім деп толық айта аламыз», – дейді ғалым.

Ақнұр Хайратқызының ғылымға қызығушылығы бала кезден басталған.

«Әртүрлі тағамдарға, әртүрлі рецептерге түрлі дүниелерді қосып, жаңа нәрсе шығаруға кішкентай кезімнен қызығатынмын. Сондықтан өз бағытымды қателеспей таптым деуге болады. 2009 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқуға түсіп, әрі қарай  магистратура, докторантураны осы білім ордасында жалғастырып, ғылым жолына келдім. Жолымды жаңылмай таптым. Дұрыс тамақтану, табиғи өнімдерді қолдану қазіргі кезде қалыпқа түсе бастағалы бұл саланың  маңызы одан сайын артып келеді. Білім көкжиегімізді кеңейту үшін жыл сайын түрлі іссапарға шығып, тәжірибе  жинақтап келеміз. Ғылым жолында жүрген адамдарға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндіктер жетерлік. Түрлі гранттар мен қаржыландырулар арқасында ғылымда жетістіктер де күн санап артып келеді.  Бұл әрине, бізді қуантады әрі қанаттандырады», – дейді Ақнұр Хайратқызы сөз соңында.

Баспасөз туры барысында  басқа ғалымдар табиғи өнімдерін көпшілікке таныстырып, әр өнімнің пайдасына тоқталды. Таза байытылған сұйық май жасау үшін зығыр, мақсары, рапс өсімдіктерін пайдаланса, сарысудан түрлі табиғи шырындар мен йогурт, ірімшік, айран секілді сүт өнімдерін әзірлеп шығарған. Жартылай кептірілген жидектер, бал, биологиялық қоспасы бар нан, жартылай ысталған және пісірілген шұжық түрлерін де  көрдік. Алдағы уақытта бұл өнімдер ел тұрғындарына қол жетімді болмақ.

 

Әзірлеген Дариға НЫСАНҚҰЛ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

Серіктес жаңалықтары