Антикор шымкенттік шенеунікті әкімдік отырысы кезінде ұстап әкетті (ВИДЕО)
Шенеунік 120 миллион теңге шығын келтірді деген күдікке ілінген.
Шымкент әкімдігінде өтіп жатқан отырыс кезінде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі әкімнің қарамағындағы шенеуніктердің бірі күдікке ілінгенін жеткізді. Қала басшысы Антикор қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған қызметкерді дәл осы жерден алып кетуге болатынын айтты.
«Әкімдік қызметкерлерінің арасында адал жұмыс істейтіндер көп, бірақ сатқындар да бар, мен сіздерге талай рет ескерттім», - деген әкім осылай жасаудан басқа амалы қалмағанын атап өтті.
Осыдан кейін бірден әкімдіктегі жиналысты үзуге тура келді: Антикор қызметкерлері залға кіріп, қатысушылардың бірін алып кетті. Ол – тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып шықты.
«Қалалық басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеті күдік тудырғаны анықталды. Осыған орай, әкімдіктің бүгінгі аппараттық мәжілісінде аталған азаматты тергеу жүргізілетін уақыт аралығына қамаққа алу мүмкіндігі берілді. Көпшіліктің көз алдында болған жағдай әкімдіктің басшылық құрамымен қатар барша қызметкерге ой салар деп білемін. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды», - деп жазды Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
Антикордың алдын ала мәліметінше, шенеунік 120 миллион теңге шығын келтірді деген күдікке ілінген.