Үкімет шегірткемен күреске қосымша қаржы бөлді

Шұғыл шығындарға 3,9 млрд теңге бөлінді.

Үкімет шегірткемен күреске қосымша қаржы бөлді
Ашық дереккөз
749

Үкімет биыл шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауда. Бұл мақсатқа қосымша 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Атап айтқанда, Үкімет резервінен үйірлі шегірткелердің жаппай таралуының алдын алуға, жайылымдарға зиянын тигізбеуге, ауыл шаруашылығы дақылдарын жоюына, сондай-ақ көрші мемлекеттердің іргелес аумақтарына көшуіне жол бермеу үшін олардың таралуы мүмкін барлық болжамды алаңда толық көлемді химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша шұғыл шығындарға 3,9 млрд теңге бөлінді.

Елімізде соңғы жылдары үйірлі шегірткелердің таралу алаңының ұлғайғаны байқалады: 2020 жылы – 514 мың га, 2021 жылы – 626 мың га, 2022 жылы – 975 мың га. 2023 жылы таралу алаңы 1 585 мың га болады деп болжанғанымен, іс жүзінде 1 616 мың га өңделді. 2023-2024 жылдарға шегірткенің жаппай таралуының 11 жылдық циклінің үдемелі кезі сәйкес келеді.

Биыл республикалық бюджеттен 1 270,6 мың га алаңды өңдеуге 4,2 млрд теңге бөлінген еді. Алайда, 2024 жылы нақтыланған жалпы болжам бойынша үйірлі шегірткенің таралу алаңы ұлғайып, 2,5 млн га құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда, шамамен 1 млн гектарға артық.

Бөлінген қосымша қаражат 1,3 млн га алаңда зиянкес үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.

Еске сала кетейік, Қазақстан аумағында шегірткенің үйірлі (азиялық, италиялық және марокколық) және үйірлі емес түрлері таралған. Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Серіктес жаңалықтары