Физика заңдарын комикстің көмегімен түсіндіретін жас ұстаз

Жас маманның айтуынша, физиканы комикс арқылы түсіндіру шәкірттердің креативті ойлау қабілетін дамытады.

Физика заңдарын комикстің көмегімен түсіндіретін жас ұстаз
5439

Семейдегі лицейлердің бірінде жұмыс істейтін физика пәнінің мұғалімі Жасқайрат Нәубетов сабақта ерекше тәсіл қолданады. Жас ұстаз комикс және компьютер ойындарының көмегімен оқушылардың бұл пәнге қызығушылығын арттырып, ынтасын оятып келеді. Шәкірттерінің шыңдалуына сеп болып жүрген Жасқайрат Нәубетовтің бұл әдісі қазір ел аузында жүр.

Абай облысының орталығы – Семей қаласында ұстаздық қызмет атқаратын Жасқайрат тың әдіспен шәкірт тәрбиелеп жүргеніне 4 жылдан аса уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында ол талай оқушыны түрлі жарысқа дайындап, жоғары көр­сет­кішке қол жеткізуіне себепкер болған.

25 жастағы мұғалім Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылында дүниеге келген. М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ды физика мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, қазір Семейдегі «Білім-Инновация» лицейінде сабақ береді.

Жас маманның айтуынша, физиканы комикс арқылы түсіндіру шәкірттердің креативті ойлау қабілетін дамытады.

«Комикс арқылы оқыту әдісі ұтымды болды. Бұл баланың шығармашылық дағдысын және сурет салу қабілетін дамытады. Оқушыларға тақырыпты түсіндіргеннен кейін, комикстің шаблон қағазын таратамын. Олар тақырыпты комикстік сюжет құрастыру арқылы ашады. Яғни, визуалды компоненттермен қамтамасыз етілген сторителлинг форматы. Сторителлингтің бір тармағы ретінде тақырыбыма қызықтыру үшін күнделікті қолданамын», – дейді Жасқайрат. 

Ұстаздың пікірінше, комиксті салу үшін оқушы тақырыпты зерттейді, ізденеді, креатив қосады, сабаққа қызығады.

Ол мұндай ерекше тәсілмен оқытуды 7,9-сынып оқушыларына қолданады екен. Комикстің көмегімен күрделі тақырыптарды оңай түсіндіріп жүрген ұстаздың арқасында бүгінде олимпиадаларға қатысқан оқушылар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде.

«Оқушыларым – облыстық пәндік олимпиада, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Мысалы, 7 сыныптан бастап дайындаған оқушым – Алдияр Дүйсенбек республикалық олимпиададан 2023 жылы ынталандыру сыйлығын алды. Биыл тағы да бағын сынап көреді», – дейді жас ұстаз.

Тиімді тәсілді ойлап тапқан мұғалімнің алға қойған мақсаты мақсаты айқын, межесі биік.

«Оқушыларды физика пәніне бұрынғыдан бетер қызықтыру үшін басқа да әдіс-тәсілдерді қарастырып жүрмін. Сонымен қатар  болашақта оқушылар арасында комикстер бойынша жарыс ұйымдастыру жоспарда бар», – деп түйіндеді Жасқайрат Нәубетов.

Айта кетерлігі, заман талабына сай креативті мұғалім үлгісін көрсетіп жүрген жас маман бар білгенін тек сынып ішінде емес, сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы да ортаға салады. Тіпті, оқуда озат оқушыларымен бірге қызық эксперимементтер жасап, TikTok желісі арқылы өзге оқушылардың физикаға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етіп жүр.

 

Серіктес жаңалықтары