Шымкентте жаңадан ашылған мектепке Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді

Аталмыш білім ордасында әр тоқсан сайын тест тапсырған үздік оқушыларға стипендия беріледі.

Шымкентте жаңадан ашылған мектепке Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді
Шымкент қаласының әкімдігі

Заманауи және типтік үлгідегі білім ордасы 3500 орынға лайықталған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Нұрсат шағын ауданында орналасқан жекеменшік мектепке көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді.

Кәсіпкердің есебінен салынған жаңа мектепте балалар бір ауысымда білім алады. Бос уақытта пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына барлық жағдай жасалған. Білім шаңырағында спортзал, 30 интерактивті тақта, робототехника, биология, химия, физика лаборатория кабинеттері, сондай-ақ 500 орынға арналған асхана, кітапхана, гимнастика, акт залдары, ашық және жабық футбол алаңдары бар.

Аталған білім ошағында 1-6 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған. Құрылтайшы тарапынан әр тоқсан сайын тест тапсырған үздік оқушыларға стипендия беріледі.