ІІМ: Қазақстандағы түрмелерде 40 мың бейнекамера орнатылды

Мекемелерде бейнебақылау жүйесін енгізу жұмысы аяқталды.

ІІМ: Қазақстандағы түрмелерде 40 мың бейнекамера орнатылды
ашық дереккөз
946

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі пенитенциарлық мекемелер мен қызметтік кабинеттерде, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде үздіксіз жүргізілетін бейнебақылау жүйесін енгізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Бейнебақылау жүйесі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мен қызметкерлердің іс-әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз ету құралы болып табылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында барлық полиция бөлімдері мен пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау жүйесін енгізу жұмысы аяқталды.

«Қызметтік кабинеттерде, дәліздерде және баспалдақ алаңдарында, сондай-ақ полиция ғимараттарының периметрі бойынша 29 мыңға жуық бейнекамера, 78 пенитенциарлық мекемеде 40 мыңдай бейнекамера орнатылды», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.

Ондағы бейнелер жедел басқару орталықтарына, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ахуалдық орталығына және прокуратура органдарына шығарылған.

«Ақылды жүйенің көмегімен түрмелер мен түзеу мекемелерінде қашып кетпек болудың үш фактісі анықталды, 23 суицидке жол берілмеді, топтық төбелес пен жаппай тәртіпсіздікке айналуы мүмкін тоғыз жанжал тоқтатылды. Жалпы 2023 жылы 15 мыңнан астам бұзушылық анықталды», – делінген хабарламада.
 

Серіктес жаңалықтары