Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы белгілі болды

Ол доданы екінші айналымнан бастайды.

Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы белгілі болды
ФТК

Бүгін Аустралияның Аделаида қаласында теннистен WTA 500 турнирі басталады. Ол 13 қаңтарға дейін болады. Осы турнирге әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина да қатысады, деп хабарлады turkystan.kz sportpress.kz сайтына сілтеме жасап.

Рыбакина кешегі Брисбен қаласында болған WTA 500 турнирін жеңіп алған соң, жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелді. Ол доданы екінші айналымнан бастайды.

Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолини немесе дүниежүзілік рейтингте 61-орында тұрған испаниялық Кристина Бучаның біреуімен кездеседі.

Еске салсақ, теннисші WTA 500 Brisbane International турнирінің финалында Беларусь спортшысы, әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконы 6:0, 6:3 есебімен жеңді.