ІІМ: Есірткіге қатысты 6,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық анықталды

Заңсыз айналымнан алынған есірткінің көлемі 36 тоннадан асты.

ІІМ: Есірткіге қатысты 6,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық анықталды
ашық дереккөз
836

Нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымы – әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Онымен күреске мемлекет аса көңіл бөледі. Осы мақсатта ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі, деп хабарлады Polisia.kz.

2023 жылы психоактивті заттардың 27 жаңа түрінің айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Есірткі жасау үшін пайдаланылатын жабдықтың 19 түрі мемлекеттік бақылауға алынды.

Ішкі істер органдары есірткіге қатысты 6869 қылмыстық құқық бұзушылықты, оның ішінде 2635 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан алынған есірткінің көлемі 36 тоннадан асты. Полиция күшімен 41 есірткі зертханасы таратылды, 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, оның ішінде төртеуі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ.

2022 жылдың қыркүйегінен бастап, ІІМ Алматы қаласының есірткі полицейлерімен бірлесіп, зертханалық жағдайда синтетикалық есірткі өндірмек болған шетелдіктерді құрықтау бойынша арнайы операция жүргізді. Осы үшін күдіктілер прекурсорлардың ірі партиясын шетелден мегаполиске жеткізуді ұйымдастырған.

Төрт қылмыскер ұсталды, олардың екеуі шетелдік. Кейін тағы бір шетелдік азамат құрықталды. Ол 2023 жылдың қаңтар айында Түркістан облысының кентінде есірткі өндірісін іске қосып, Алматыда компоненттер мен жабдықтарды сақтаған.

Қылмыскерлер прекурсорлар мен жабдықтарды Қазақстанға құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия түрінде жүк көліктерімен жеткізген. Тауарды тасымалдаумен көршілес елдің полиция қызметкерінің жалған құжаты бар қылмыскерлердің бірі айналысқан. Тінту барысында жалға алынған қоймалардан 72 тоннадан астам түрлі прекурсор мен зертханалық жабдықтары бар жеті жәшік және 1200 металл бөшке мен канистр тәркіленді.

Полицейлер бұдан да басқа қылмыстық топтарды әшкереледі.

– Қараша айында Алматы облысының Ұзынағаш кентінде есірткі зертханасы ретінде жабдықталған контейнер табылды. Тінту іс-шаралары барысында онда сатуға дайын 50 кг-нан астам мефедрон, сондай-ақ оны дайындауға арналған жабдықтар табылды. Тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында ұйымдастырушы мен төрт күдікті ұсталды, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қажығали Имажанов.

2023 жылы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері 81 есірткі жарнамалау фактісін, интернет арқылы есірткі сатудың 448 фактісін анықтады. Интернет және әлеуметтік желілер арқылы есірткі сатқан 572 күдікті, сегіз чат-бот әкімшісі, 160 оператор, буып-түюші мен жасырушы, 356 есірткі курьері, есірткі сайттарының мекенжайлары бар граффити салған 16 адам ұсталды. Есірткі және психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын контенті бар 6062 сайт пен басқа ресурстар бұғатталды.

 

Серіктес жаңалықтары