Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
2024 жыл - жаңа бастамалар мен оларды іске асыру кезеңі
Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлады turkystan.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды келіп жеткен 2024 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл - бұл өткенді саралап, болашаққа бағдар құрудың мүмкіндігі, өйткені біз бұл мерекемен үкілі үміттеріміз бен асқақ армандарымызды байланыстырамыз.
2023 жыл көптеген азаматтарға толағай табыстар мен жетістіктер алып келді. Өткен жыл еліміз үшін де жарқын бастамаларға толы болды.
Экономика орнықты өсуде. Бизнес орта белсенді дамып, индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып қала береді және Орталық Азия аймағындағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша сөзсіз көшбасшы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ауқымды міндеттерін жүзеге асыруда нәтижелі жұмыстар атқарылды.
2024 жыл - жаңа бастамалар мен оларды іске асыру кезеңі.
Жылдың қалай болары, не күтетініміз көп жағдайда өзімізге байланысты. Біз жақындарымызды қуантып қана қоймай, еліміздің қарыштап дамуына да үлес қосуға күшіміз жетеді.
Жаңа жылда өткен жылдың үздік дәстүрлері мен жетістіктерін, татулық пен бірлік, өз күшімізге және Қазақстанның болашағына деген сенімді алып жүру маңызды.
Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және барлық жоспарларыңыздың орындалуын тілеймін!» - делінген құттықтауда.