«AMANAT»-та жастар арасындағы үздік еріктілер мен белсенділер марапатталды
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Рухтастар» сыйлығын өзекті мәселелерді шешуде алдыңғы қатарда тұратын, еңбекқор, отаншыл, білімді, өнегелі жастардың ортақ жетістігі мен табысы деп атады.
Елордада «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты үздік волонтерлер мен белсенділерді марапаттады. Еліміздегі жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосқан және қоғам игілігі жолында жемісті қызмет еткен өрендерге берілетін «Рухтастар» сыйлығы осымен екінші рет тапсырылып отыр.
Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі. Осы орайда, салтанатты іс-шараны ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Рухтастар» сыйлығын өзекті мәселелерді шешуде алдыңғы қатарда тұратын, еңбекқор, отаншыл, білімді, өнегелі жастардың ортақ жетістігі мен табысы деп атады.
«Біз жастардың көзі ашық, көкірегі ояу, намысты, рухты, білімді де білікті болып қалыптасуына, салауатты өмір салтын ұстануына баса мән береміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты» деген еді. Сондықтан еңбекқор, табанды жастардың көп болуын қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз», - деді Дәулет Кәрібек.
Сондай-ақ, Атқарушы хатшы бүгінде «Жастар Рухы» жастар қанаты отаншыл, талантты, жалынды өрендердің ортасына айналғанын атап өтті.
Өз кезегінде «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Искандерова партия жастары қоғамның әр саласында жан-жақты белсенділік танытып жүргенін тілге тиек етті.
«Пандемия кезінде және елдегі төтенше жағдайларды еңсеруде партия жастары табанды еңбек етті. «Жастар Рухы» 2 миллионға жуық жастың мәселесіне нақты шешімдер ұсына отырып, олардың сенімді серігіне айналды. «AMANAT» партиясы да жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін арттырып, тиімді жағдай жасауға мән беріп келеді. Бүгінде біздің үніміз Парламентке жетті. Оған дәлел, вандализмнің себебі әрі салдарымен күрескен рухтастар петиция ұйымдастырып, заңды түрде бұл мәселемен күресіп келеді», – деді ол.
Айта кетейік, «Рухтастар» сыйлығының жеңімпаздарын анықтау бірнеше кезеңнен тұрды. Осы жылдың 7-14 желтоқсан аралығында «Жастар Рухының» ресми сайтында үміткерлерден өтінімдер қабылданып, іріктеуден өтті. Республикалық конкурстық комиссия отырысында талқыланды. Байқауға 18-35 жас аралығындағы отандастарымыз қатысты.
Сонымен, белсенді жастар 8 номинация бойынша марапатталады.
«Қайсар» жыл батыры номинациясы бойынша Семей қаласы №7 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Елдос Нұртазаев марапатталды. Ол «Семей орманы» шаруашылығының аумағындағы өрт кезінде тілсіз жаумен күресті. Сондай-ақ, ол өзге де өрт сөндірушілердің ерлігін әлеуметтік желілерде жариялап, халық арасында танылды.
«Туған жерім Абай облысында орын алған өрт халықтың бірлігін нығайтып, төзімін шыңдады. Бүгінгі жастар сыйлығында өрт сөндірушілердің еңбегі еленіп, марапатқа ие болып жатырмыз. Бұл – менің ғана емес, тілсіз жауға қарсы тұрған әріптестерімнің де ортақ жеңісі деп білемін», – деді Елдос Нұртазаев.
«Нұрлы ақыл» үздік жас ғалым аталымында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғылым және коммерцияландыру кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Индира Айтжанова жеңіске жетті.
Костенко атындағы шахтаның тау-кен жұмысшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорттық акробатикадан әлем чемпионы Даниель Диль «Ыстық қайрат» еңбек адамы номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
«Жылы жүрек» жыл еріктісі аталымы бойынша марапат түркістандық Олжас Мамырға бұйырды. 12 жылдан бері волонтерлікпен айналысып жүрген Олжас Түркістан облысындағы 10 мыңға жуық көпбалалы, жағдай төмен отбасыға тегін азық-түлік таратуға көмек көсетіп, 4 отбасын баспанамен қамтамасыз етті. Ол бұдан да басқа көптеген игі іске атсалысты.
Жылдың әлеуметтік жобасы аталымында «Ерекше» жобасының авторы Әбуәлі Мұхтарәлі жеңіске жетті. Оның жобасы көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін жасөспірімдерге арнайы контент құруға және оларды қазақи таным-түсінік тұрғысынан тәрбиелеп, бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.
Ал «Белсенді рухтас» жыл белсендісі номинациясы бойынша «Жастар Рухының» әр аймақтағы филиалынан 20 белсенді марапатталады.
Сонымен қатар Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі жанындағы жастар қанатының бөлімшесі «Жастар Рухының» үздік бөлімшесі болып танылды.
«Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы қаласы мен Атырау облысындағы филиалдары «Үздік филиал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.