Елордада Қазақ тарихи қоғамы құрылды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, қоғамдық бірлестік ауқымы ай­мақтарға таратылады.

Елордада Қазақ тарихи қоғамы құрылды
ашық дереккөз
732

Елордада «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ресми түрде тіркелді. Бастамашы топ арасында Сұлтан Әкімбеков, Радик Темірғалиев, Арманжан Байтасов, Мая Бекбаева сынды танымал тұлғалар бар. 

–  Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 2 геог­ра­­­фиялық қоғам болды, ал тарихи қоғам бол­ма­ған еді. Қазақ тарихи қоғамының басты қыз­­­мет­терінің бірі – ғалымдардың ғылыми кә­сіп­одағы мен қоғам арасындағы көпір болу. Өйт­кені ғалымдар тек ғалымдар үшін жазады, оның көпшілікке жетуін ойлай бермейді. Бізде ай сайын жаңа ғылыми жаңалықтар ашылады, бір­ақ өкінішке орай, біздің азаматтық қоғам бұл туралы білмейді. Бұл мәліметтерді жұрт­шы­лыққа жеткізу біздің міндетіміз, – деді та­рих­шы, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми инс­ти­туты директорының міндетін атқарушы Жақ­сылық Сәбитов. 
Басқарма мүшесі, журналист Арманжан Бай­тасов тарихи бірлестік расында да қажет еке­нін, қазір аудиторияның Қазақстан тари­хына үлкен қызығушылық танытып отыр­ға­нын атап өтті.
Мұны медиа саласының маманы ретінде то­лық сеніммен айта аламын. Қазақстан тари­хы­на арналған бағдарламалардың өте көп қа­ра­лым жинайтынын, халықтың Алашорда та­рихынан бастап белгілі бір тұлғалардың өмір­баянына қызығушылығын көріп отырмыз. Ен­ді бірлестіктің негізгі мақсаты – ғалымдар мен халық арасында көпір құрып, лайықты плат­форма беру. Тілшілерге тарихи сарап­шы­лар­ды ұсынып, тарихи тұрғыда сапалы кон­суль­тация бере алсақ, бұдан бәрі ұтады, – дейді А. Байтасов.
Қоғамдық бірлестік ұлттың тарихи санасы мен тарих ғылымын дамытуды мақсат етіп отыр. Тарихи зерттеулер мен көпшілікке ар­нал­ған ғылыми әдебиеттер, сол зерттеу нәти­же­лерін дәріптейтін фильм, өзге де туын­ды­ларды жасау үшін үздіктерді тарту, сапалы ірік­теу жүргізу көзделген.
– Көптеген елде осындай тарихи қоғамдар бар, өйткені бұл ғалымдар үшін, журналистер мен қоғам өкілдері үшін алаң құруға мүмкіндік бере­тін бірлестіктер. Біздің тарихшылар, өлке­тану­шылар өз аймағының тарихын өз бетінше, еш қолдаусыз зерттеп жүр. Мұны жүйелеу қа­жет. Бірлестіктің мақсаттары мен міндеттері уа­қыт өте келе түзетіледі, бірақ ең бастысы – осы күш-жігерді шоғырландыруға мүмкіндік бере­тін алаң құру. Біздің есігіміз барлығына ашық. Қазірдің өзінде бірлестіктің мүшесі бол­ғысы келетіндер өтініш білдіруде. Мемлекеттік, ква­зимемлекеттік тарихи ұйымдармен бәсе­ке­ге түсу ойда жоқ. Олармен байланыс орна­тып, ортақ мүдде – тарихи сана мен тарих ғы­лы­мын дамытуға өз үлесімізді қоспақпыз, – дейді тарихшы Радик Темірғалиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, қоғамдық бірлестік ауқымы ай­мақтарға таратылады.

Серіктес жаңалықтары