Түркістан облысында жол апатынан 1 адам көз жұмды
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалды.
«Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 719 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды.
Шымкент қаласынан Сарығаш бағытына шыққан Toyota Camry көлігі Mersedes-Sprinter жолаушылар көлігімен соқтығысқан. Салдарынан микроавтобустың 70 жастағы жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Одан бөлек, екі жүргізуші мен жолаушылар көлігінің 4 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.
«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, Төлеби АПБ мен аудандық прокуратура басшылығы барды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Аталған факт ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалды. Сараптама нәтижесі бойынша нақты процестік шешім қабылданатын болады», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.