Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді?
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 690 жұмыс беруші бар.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 870 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады turkystan.kz.
«Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 374 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 742 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 6 124 және 637 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 183 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 810 адам тартылды», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 690 жұмыс беруші бар. Оларда 464 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97% - ы.
«Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 3 460 адам (24,9%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 649 адам (11,8%), өңдеу өнеркәсібі – 1 300 адам (9,3%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 266 адам (9,1%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 782 адам (5,6%)», – делінген хабарламада.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 131 адам (29,7%), Үндістан – 1 281 адам (9,2%), Түркия – 1 249 адам (9%), Өзбекстан – 969 адам (6,9%).