Ақтөбеде оқушылар мен мұғалім жолда мерт болды: Оқиға туралы тың дерек жарияланды

Қайғылы оқиға бүгін болған.

Ақтөбеде оқушылар мен мұғалім жолда мерт болды: Оқиға туралы тың дерек жарияланды
Фото: @POLICE_of_KZ
1640

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында олимпиадаға бара жатқан жолда апатқа ұшырап, жарақаттанған оқушылардың жағдайы айтылды, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға бүгін болған. Жаныс би ауылынан шыққан ішінде жеті адамы бар Toyota Alphard көлігі  Volvo  жүк көлігімен соқтығысқан. Апаттың салдарынан 10-11-сыныптың екі оқушысы мен мұғалім сол жерде жан тапсырды. Ал жарақат алған үш оқушы аудандық ауруханаға жеткізілген. Облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, 2007-2008 жылы туған үш оқушының денсаулығы орташа ауырлықта. Оқушылар бас ми жарақатын алған, тізе, кеуде тұстарына зақым келген.

«Қазіргі таңда облыстық санитарлық авиация мамандарымен телемедицина өткізіліп, әрі қарай емдеу тәсілдері қарастырылып жатыр. Көлік жүргізушісі де ауруханаға жеткізілді. Оның жарақаты жоқ. Бірақ психолог мамандар жұмыс істеп жатыр», –  деді Рүстем Исаев.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Орақова оқиғаны облыс әкімі Асхат Шахаров бақылауға алғанын айтты. Облыстық Білім, Денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен бірге Ырғыз ауданына баратынын, қайғы жұтқан отбасылар мен зардап шеккен оқушыларға жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан қайғылы жағдайдың кезекті олимпиадаға бара жатқан кезде болғанын айтты.

«Ең бірінші мәселе қауіпсіздік шараларын сақтамау ықтималдығы бар. Оны құзырлы органдар зерттеу нәтижесінде анықтайды. Берілген бұйрықтың үшінші пунктінде ескертілген. Олимпиада қатысушылары құзырлы органдардың, яғни полицияның қадағалауымен жүруі керек. Бірақ бұл көлік қадағалаусыз шыққан»,   деді облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Оқушыларды олимпиадаға апаратын кезде полиция бөліміне тапсырыс беріледі. Яғни, тиісті жерге жеткенше полиция қызметкерлерінің қадағалауымен баруы керек. Ереже бойынша тапсырыс үш күннің ішінде берілуі керек. Жайық Сұлтанның айтуынша, Жаныс би ауылынан олимпиадаға он бала баруы керек болған. Оларды апаратын екі көлік мектеп тарапынан ішкі істер бөліміне ұсынылған. Екі көлік полицияның қадағалауымен аудан орталығына жеткізілген. Ал апатқа ұшырған балалар мен мұғалім басқа көлікпен шығып кеткен.

«Апатқа ұшыраған Alphard көлігінің жүргізушісі оқушының туысы. Оқиғаның егжей-тегжейін білу үшін Ырғызға іссапармен барайын деп отырмыз. Нақты ештеңе айта алмай отырмыз», –  деді Жайық Сұлтан.

Құзырлы органдар тексеруінен кейін ғана нақты себебі белгілі болатынын айтты.

Облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, тапсырыс үш күн бұрын берілген.

«Аудан орталығына ауылдың өзге оқушылары аман-есен жеткізілген. Алайда Alphard көлігі тапсырыстың ішінде жоқ. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Екінші іс Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша, яғни балалардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қозғалды. Бұл іс аясында жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралады. Қалған мәлімет қылмыстық іс аясында жария етілмейді», –  деді департамент басшысы.

 

Серіктес жаңалықтары