Қазақстандық кәсіпкер Корея президентінің сыйлығын иеленді

Онда жергілікті кәсіпкерлермен салыстырғанда, шетелдіктерге әлдеқайда қиын

Қазақстандық кәсіпкер Корея президентінің сыйлығын иеленді
Видеодан алынған кадр
939

Қазақстандық кәсіпкер Оңтүстік Корея президентінің сыйлығына ие болды. Жүлдені президент Юн Сок Ель атынан Дмитрий Лиге Инчхон қаласының мэрі табыстады, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазақстан азаматы басқарып отырған компания бір жыл ішінде 30 миллион доллардың тауарын экспорттап, жергілікті биліктің ерекше ықыласына бөленген.

Дмитрий Ли Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 2019 жылы көшіп барған. Бастапқыда жүргізуші болып жұмыс істеп, кейін көлік экспортымен айналысатын компания құрған. Кореяға көшкенге дейін жерлесіміз еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. KAZAKH-TV арнасында ағылшын тілінде жаңалықтар жүргізген.

Бұл сыйлықтың иегерлері Корея экономикасына қомақты үлес қосты. Біз экспорттаушыларды жергілікті және шетелдік деп бөлмейміз. Жүлде кемінде 1 миллион долларға кореялық тауарларды экспорттаған бизнесмендерге беріледі, - деді Корея сауда қауымдастығы Инчхон орталығының директоры Сим Джун Сок.

Ал автокөлік экспорттаушы компанияның басшысы Дмитрий Лидің айтуынша, онда жергілікті кәсіпкерлермен салыстырғанда, шетелдіктерге әлдеқайда қиын.

Өйткені тіл мен заңнаманы жақсы біле бермейсің. Мұның бәрін зерттеуге көп уақыт қажет. Бірақ маған бірнеше шет тілін, оның ішінде ағылшын мен орыс тілін жетік білетінім көп көмектесті. Әсіресе шетелдік сатып алушылармен кездесіп, байланыс орнатуыма септігін тигізді, - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары