Cан қырлы қалам иесі

Жазушы соңғы жылдары Абайдың «Ес­кен­дір» дастанындағы кішігірім оқиғаны ар­қау етіп, трагедиялық драма жазды. Ол xа­лық театрларында қойылды. Жаңатас xа­лық театры қойған осы драма облыстық бай­қауда бірінші орынды иеленіп, Астанаға жол­дама алды.

Cан қырлы қалам иесі
сурет: ашық дереккөз

Жазушы, өнер зерттеушісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,  Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Пернебай Дүйсенбиннің биылғы 80 жасқа толған шағында қаламгерлік болмысын қаншалықты дәрежеде танып-білгенімізге шәкірті ретінде шама-шарқымызша шолуды парыз санадық.

Алдымен балаң жастың сонау одақтық «Пио­нерская правда» газетіне ә дегеннен су­реті басылып, мақалалары жарық көре бас­тады. Ол күні шопан үйінде кішігірім той болу­шы еді. Бойға біткен білік пен талап ұш­қыны келе-келе алға ұмтыла беруге же­те­леді. Алыстағы ауылдан астанаға арман қуып ке­ліп, көп студенттің бірі емес, бірегейі ре­тін­де көрінді. Сол кездегі буыны беки бас­та­ған қара шаңырақтың журналистика фа­куль­те­тіне оқуға ілігіп, қаламын ұштай түскен. «Ле­ниншіл жас» газетіндегі (қазіргі «Жас алаш») эстетикалық «Аққу» клубында бел­сен­ді мүше ретінде өнер турасында үлкен сал­мақ­ты мақалалар жарияланды. Әсіресе, алып қыл­қалам шеберлері жайында жазған дү­ние­лері қарымы мен адымын анық айқындап берген. Италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи туралы «Сұлулық сазы», Мартирос Са­рьян қақындағы «Шуаққа іңкәрлік», орыс­тың ұлы суретшісі Исаак Левитан жөніндегі «Үміт шапағы», мүсінші Сергей Коненков ту­­­ра­сындағы «Қалампыр гүлі» сияқты мате­риал­дарды 70-жылдардағы оқырманға зор ты­ныс әкелген. Осылайша, көзі қарақты жұрт­тың көңілінен шыққан студент боз­ба­ла­ны сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза Ташкенттегі қа­зақ перзенті, әйгілі суретші Орал Таң­сық­баев­қа барып, эссе жазып қайтуды тапсырады. Кейін­нен «Тау мен дала жыршысы» атты үл­кен мақала жарияланады. Ол бір кездегі есімі жал­пақ әлемге мәшһүр, майталман сурет­кер­ден әңгіме естіп, сырласып қана жүргендіктің ай­ға­ғы емес. Жалпы, сурет сырын ұғынып жа­зудағы шынайы маман көзімен қарай­тын­ы­мен құнды. Ол кейініректеу Egemen Qazaqstan газетінде «Әнім менің», «Жалын» жур­налында «Орал аға туралы ой» атты кең ты­нысты, тебіреніске толы эсселерін жа­рия­лады. Кезінде қылқаламды жанынан тас­та­май сенімді серік еткенде жақсы суретші шы­ғарына үміт те мол еді. Әрине, бар нәр­се­нің басын біріктіріп ұстау оңай емес. Тек біре­уін қалап, қам қылу нағыз қаламгерлік қа­рым шығар. Дәл осы өнер әлеміне дендей ен­ген студент бертін келе әдебиетке біржола бет бұрды.
Университетті ойдағыдай аяқтаған соң, қарт ата-анасына қарайлап, ау­лын­дағы онжылдық мектепке мұғалім болып орналасты. Жас ұстаздың еңбегі дер шағында ес­керіліп, Еңбек Қызыл Ту орденімен мара­пат­талған. Мұғалімдік үздік іс-тәжірибесін үл­гі еткен кітапшалар да шығарылған. Шә­кірт­тің танымы мен қоса, тәртібі де мектептің іш­кі жүйелі жұмысы да үнемі назарда жүре­тін. Амал жоқ, іргелі мектептің тізгінін ұстап, ұзақ жыл директорлық қызмет етті. 
Пернекең ауылдан ұзаған адам емес. Кейіп­керлері де, кішкентай достары да қа­ра­сирақ ауылдықтар. Жазушы оларды жақсы тү­сінді. Нәтижесінде, балалар әлеміне сан са­пар шегіп, шымыр шығармалар әкелгені бел­гілі. Алғашқы «Жұмбақ жұлдыз», одан кейін­гі «Кішкентай генералдар», «Елгезек ер­тегілер елінде» жинақтары – соның айқын ай­ғағы. Иә, «Жалынның» жабық бәйгесінің төрт дүркін жүлдегері атанған Пернебай Дүй­сенбин – балажан жазушы. 
Кезінде «Жалын» баспасынан «Өркен» се­риясымен шыққан «Жұмбақ жұлдыз» кі­та­бы әдеби жыл қорытындысында да балалар әде­биеті секциясына талдап, талқылауға жіберілген еді. Бұл түбегейлі қателік болатын. Бұл жинақтағы «Жұлдыздар неге жылайды?» жә­не «Сол бір асу...» повестері балалар түсі­ні­гі­не ауыр шығармалар санатына жататын. Тал­қылау барысында жазушының әдебиетке үл­кен дайындықпен келгенін атап көрсетсе де, бейнелеу тәсілдері балалар ұғымына сәл ауыр­лау екені ескертілді. Жазушының шебер­лі­гі сонда, ол жеті жасында кенеттен жабыс­қан ауыр кесел салдарынан тіл мен құлақтан айы­рылады. Міне, осы он үш жатағы тілсіз Тай­­­жанның көзімен, сезім түйсігімен қара­пайым қазақ ауылына қанды соғыс түсірген ауыр салмақты жан-тәнімен сезінуін қалам­гер шебер бейнелейді. Туған ағасының қай­ғы­лы маxаббатын, соғыс салған жараның ауыр зардабынан қаза болуын жан-жүрегімен сезінуін автор тереңінен сипаттайды. Сон­дықтан да белгілі сыншы Гүлзия Пірәлиева бұл шығарма туралы оның қазақ әдебиетіндегі лирикалық жанрда жазылған ең сәтті туын­дысы деп бағалайды.
Көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбаев по­весть туралы былай деп жазады: «Сөйтсек, үн­сіздікпен өтіп жатқан өмір суреттерінің се­бебі бас кейіпкеріміздің жеті жасында қат­ты ауырып, сөзден қалған мылқаулығында, құ­­­лақтан қалған саңыраулығында екен. Әде­биетімізде бұрын-соңды кездеспеген жазушы ізде­нісінің тың соқпағы – Тайжан бейнесі де жү­ректі елжіретер ерекше образ. Тайжан еш­теңені естімеген соң, автордың да тек көзбен көр­генді суреттеуі, айналаны түгелдей тым-ты­рыс тыныштыққа бөлеуі – бұл да табылған тәсіл, ешкім жазбаған нұсқа. Әттең, грузин ағайын­дардың үнсіз фильмдері сияқты кино тү­сірер ме еді деген ойға келесің. Алайда «Кім­нің қандай шығармалары бар екен?» деп оқи­тын, ізденетін біздің киногерлер жоқ қой шір­кін... Олар не іздесе де, Батысқа қарай бе­ре­ді».
Ал филология ғылымдарының докторы Сә­мен Құлбарақ «Сол бір асу...» xикаятының көр­кемдік ерекшелігін, автордың сюжет құру, кейіп­кер келбетін сомдау шеберлігін, тілдік бояуының қанықтығын «Айтары бар жазу­шы» деген сын мақаласында ерекше атап көр­сетті.
Төрт повестен тұратын «Кішкентай ге­­­нералдар» кітабын бүгінде біл­мей­тін бала жоқ. «Кішкентай генералдар»... Бұл өзі тілі де жатық, құрылымы да қарапайым шы­ғарма. Онда таза ауыл балаларының бүк­песіз өмірі өрнек тапқан. Негізгі ойлар шағын та­қырыпшалар арқылы тарауларға топтас­ты­рылған. Алтыншы класс оқушылары Әділ, Өмір, Болат үшеуінің каникул кезінде кешкен хикаялары қызғылықты оқиғаларға өзек. Мұн­дағы шынайы диалогтар, психологиялық түйіндеулер және үнемі қозғалысқа құрылған кейіпкерлер бейнесі ширақтығымен келісті.
«Сары сөмке және достары туралы ертегі» ат­ты повесть қазақ прозасындағы аталған жанр­ға үлкен жаңалық ретінде енді. Бұрна­ғы­дан келе жатқан ертегілерімізден туынды­ның айырмашылығы – ойы алғыр, қиялы ұшқыр өзіндік ерекшелігімен есте қаларлық дүние екенінде. Кейіпкерлері де көнеден келе жатқан Тазша бала, хан не уәзір, сондай-ақ қор­қақ қоян, алдампаз түлкілер емес, күнде ұстап жүрген кәдімгі сары сөмке, бояу қа­рын­даштар, сурет салатын қағаз және басқалар. Оқи­ға солардың арасында қызғылықты өр­біп, оқырманын желпінте жетектейді. Ертегі үй­реншікті болмағандықтан, тосын көрінуі әб­ден мүмкін. Тез баурап алар бір сиқыры тар­тымдылығымен тәнті етеді.
«Қайсар қара қарындаш туралы хикая» жө­нінде жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Мұхтар Мағауинның білдірген пі­кі­рі мынадай: «Бұл қара қарындаш пен ақ аль­бомның» бастан кешкендері – әдемі ертегі. Ара-тұра ұшырасатын кібіртіктер өңдей келе жөн­деліп кетсе, бұл хикая қазақ балалары үшін ең қызғылықты кітаптардың біріне ай­на­лар еді». Бұған алып-қосарымыз жоқ. Тек, мұны қаламгердің қазақ прозасының ша­ғын жанрына тосын бетбұрысы деп біле­міз.
П.Дүйсенбиннің 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жа­лын» журналында жарияланды. Содан кейінгі жыл­дары жарық көрген «Жұмбақ жұлдыз», «Кіш­кентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде» атты кітап­тары оқырман ықыласына бөленді. Сонымен қа­тар тарихи танымдық «Шежірелі Сарысу», «Үр­кердей болып көшкен жұрт...», «Сары­суна­ма», «Күлкі күмбезі», «Шуақты белес», «Ертегі­лер еліне саяхат», «Шуақты еді жүрегі», «Тек­ті­нің тұяғы еді», «Күй абызы – Ықылас» атты де­ректік еңбектері жарыққа шықты.
Осы еңбектері үшін Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы іс­тері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақ­стан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бір­ле­сіп өткізген жабық бәйгесінің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы жүлдегері атанды. 1994 жылғы республикалық «Балауса» бас­па­сының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. Оның республикалық бәйгелерде ал­ған повестері төрт конкурстық жинаққа ен­гі­зіліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жа­рық көрді. 2013 жылы Халықаралық «Да­ра­боз» бәйгесінің II жүлдесін, Жамбыл об­лыс­тық «Үздік журналист» конкурсының І жүл­десін иеленді.
П.Дүйсенбиннің сан қырлы талант иесі еке­нінің және бір мысалы мыналар: «Ше­жіре­лі Сарысу» деректі фильмін дайындап, оның авторы әрі продюссері болды. Туған жері – Са­рысу ауданына елтаңба тарту етті. Жазу­шы­ның «Қос қыран» (Панфилов пен Бауыр­жан) атты үлкен картинасы Жуалы ауда­нын­да­ғы батырдың мемориалдық мұражайының төрінен орын алды. Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәсли­ха­тының екі мәрте депутаты да болып сай­лан­ған. Және де Сарысу ауданының құрметті аза­маты.
2015 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәй­ге­сіне қатысқан 533 автордың арасынан суы­рылып шығып, «Есен-сау жүріңізші, Асыл ата» шығармасы Гран-при жүлдесін еншіледі. Артынша, бұл кітап мемлекеттік тап­сы­рыс­пен «Дәуір» баспасынан әсем безендіріліп шы­ғарылып, кітапxаналарға таратылды. Жал­пы, жазушы әр кезеңде «Жалын», «Ба­лау­са», «Дарабоз» әңгіме жанры бойынша жа­рия­лан­ған республикалық конкурстарында сегіз мәр­те жүлдегер атанды.
Соңғы жылдары П.Дүйсенбин әңгіме жан­­рында белсенділік танытты. Рес­публикалық газет-журналдарда онға жуық әң­гімесі жарияланды. Оның әңгіме-тәмсіл тү­рінде жазған «Үшем», «Ұйқы», «Операция» се­кілді әңгімелері өзіндік бейнелеу тәсілінің ерек­шелігімен көзге түседі. «Үшем» әңгі­ме­сінде ана құрсағындағы жатқан үшеудің бас­тан кешкен оқиғаларын, сезімдерін, түй­сінулерін әңгіме жанрындағы тың ізденістері үшін қуанасың.
«Антибахусия» әңгімесін оқығаныңызда қарапайым еңбек адамының ауыспалы ала­са­пыран кезеңде бастан кешкен оқиғалары адам жанын еріксіз тебірентіп, өн бойыңа әрі өкі­ніш, әрі күйініш сезімін ұялатады. «Же­тін­ші купе» әңгімесінде де аядай бір ғана купе ішін­де кездейсоқ жолыққан жолаушылардың бастарынан кешкен оқиғаларынан, әңгіме-сыр­ларынан өмірде қалыпты көрінетін, бей­біт мамыражай көрінетін көрініс, құбы­лыс­тардың астарында қоғамның небір кесел­ді деректерінің бітеу жара болып меңдей түс­кен небір xикметтері шынайы бейне­ле­неді.
Жазушы соңғы жылдары Абайдың «Ес­кен­дір» дастанындағы кішігірім оқиғаны ар­қау етіп, трагедиялық драма жазды. Ол xа­лық театрларында қойылды. Жаңатас xа­лық театры қойған осы драма облыстық бай­қауда бірінші орынды иеленіп, Астанаға жол­дама алды.
Жазушы 2021 жылы ақтөбелік Мұсағали Тас­қалиевпен бірігіп «Ұлт батырлары» кіта­бын шығарды. Онда қаламгер Кеңес Одағы­ның Батыры атағын алған қазақтар туралы танымдық дүниені қазақ оқырмандарына ұсын­ды. Бұрын 97, 98 батыр төңірегінде әң­гіме болса, қазір олардың 103-ке жеткенін, кейі­ніректеу 105-ке жеткенін Egemen Qazaq­stan газетінде жарияланған мақаласында атап көрсетті.
Жуырда жазушы «Өмір-иірім» атты ро­ман-мозаикасын аяқтаған болатын. Ав­тор­дың роман-мозаика деп атауының астарында ерек­ше мән бар екенін жаңа шығармамен танысу үстінде зерделеріміз анық. Сексеннің сеңгірінде оқырманына жаңа туынды тарту етіп жатқан жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық ғұмыры табыстың шыңына жетіп, ақылман ұстаз тұлғасы биіктей берсін!   

Болатбек Төлепберген