Павлодар облысында 2 үйден өрт шықты

Себебі – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.

Павлодар облысында 2 үйден өрт шықты
ашық дереккөз

Өрт 12 желтоқсанда Пограничник ауылында болған, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 желтоқсанда сағат 08-27-де Пограничник ауылына шақырту  түскен.  Жеке тұрғын үй аумағында үш бөлмелі тұрғын үйдің 60 шаршы метр алаңында ағаш шатыр құрылымдары өртеніп, жартылай құлаған. 

«Оқиға орнында екі техника мен жеті өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жұмыс істеді. Тілсіз жау сағат 09-29-да жойылды», – дейді департаментте. 

Сондай-ақ бұған дейін дәл осы ауылда 10 желтоқсанда сағат 14-16-да  өрт шыққаны туралы шақырту тіркелген. Екі пәтерлі кірпіштен салынған тұрғын үйдің үш бөлмелі пәтерінде ағаш шатыр құрылымдары, қазандықта жалпы ауданы 45 шаршы метр аумақта үй заттары жанған. Өртті сөндіруге төрт техника және өрт сөндіру қызметінің тоғыз қызметкері жұмылдырылып, сағат 16-02-де сөндірілген. 

Бірінші жағдайда да өрттің шығуына электр желілерін, екіншісінде жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себеп болған.