"Былтырға дейін құрылтайшылар қатарында Ақбота Назарбаева болған": депутат «TOLAGAI-2050» компаниясын тексеруді сұрады

Міндетін уақтылы орындамаған «TOLAGAI-2050» компаниясы шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрап отыр.

"Былтырға дейін құрылтайшылар қатарында Ақбота Назарбаева болған": депутат «TOLAGAI-2050» компаниясын тексеруді сұрады
сурет: parlam.kz
1061

 

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, шекара заставасын салуға тендер алып, дегенмен міндетін уақтылы орындамай отырған «TOLAGAI-2050» ЖШС-ні тергеп-тексеріп, заңға сәйкес шара қабылдауды сұрады.

- Қазақстан Республикасының аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланды және 53 894 млн теңге сомасына мердігерлік ұйымдар «Kapital construction» ЖШС-мен және «TOLAGAI-2050» ЖШС-мен жалпы шарттар жасалды. Жасалған шартқа сәйкес «TOLAGAI-2050» ЖШС 40 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Алайда, жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсуде, – деді депутат.

Айдос Сарым жария еткен ақпаратқа сүйенсек, биылғы 1 қазанда «TOLAGAI-2050» ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерген, бұл – шарттың жалпы сомасының 35%-ы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін.

«TOLAGAI-2050» ЖШС компаниясының атауы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда бірнеше рет сынға ұшыраған компания  болып көрсетілді. Компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысты, оның 10-нан астамы 2023 жылы өтті, оның ішінде мемлекеттік сатып алу рәсімінде міндетін адал орындамаушы деп танылды (Павлодар облысының соты). Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдаған жоқ, – деді Айдос Сарым.

*Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 627-бабы: «2. Егер мердiгер шартты орындауға уақтылы кiрiспесе немесе жұмысты соншалықты баяу орындап, оны мерзiмiнде аяқтау көрiнеу мүмкiн болмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және шеккен залалдарын өтеудi талап етуге құқылы».

- 2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз. Шекара заставаларын салу елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі болып табылатынын ерекше атап айтамыз. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, Сізден осы жоба бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС-н тергеп-тексеріп, жүргізуді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз, – деді депутат.

Серіктес жаңалықтары