Бүгін бірнеше қалада мектеп оқушылары сабақты қашықтан оқиды
Еліміздің 7 қаласы мен 3 облысында оқушылар сабақты қашықтан оқитын болды.
Білім басқармасының қабарлауынша, Астанада аяздың күшеюіне байланысты 12 желтоқсанда бірінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері сабақты онлайн оқитын болды.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, 12 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның сабағы онлайн форматқа көшірілді. 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқиды.
Қарағанды қаласының білім бөлімі де 12 желтоқсанда қатты аязға байланысты бірінші және екінші ауысымның 0-11 сынып оқушыларының сабағы қашықтан оқу форматына көшірілгенін хабарлады.
Көкшетауда -36℃ аязға байланысты бірінші ауысымның 1-11 сынып оқушылары онлайн оқитын болды.
Сондай-ақ, Ақтау қаласы және Маңғыстау облысындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқуға ауысты. Синоптиктер бұл өңірде қатты жел соғып, көктайғақ болады деген болжам жасаған.
Қостанай облысында да үскірік аяз күшіне мініп тұр. Ауа температурасы -32℃, -34℃-қа дейін төмендеуіне байланысты Қостанай қаласында бірінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары қашықтан оқитын болды.
Білім басқармасының хабарлауынша, облыстағы Әулиекөл, Қамысты, Жітіқара, Меңдікөл, Алтынсарин, Бейімбет Майлин аудандарында да оқушылар сабақты онлайн форматта өтеді.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 12 желтоқсанда Қызылорда облысында жел солтүстіктен 9-14, облыстың орталығында 15-20 м/с екпінмен соғады, ауаның температурасы түнде -20-25 ℃, облыстың солтүстігінде -29 ℃, күндіз -15-20 ℃, облыстың оңтүстігінде -10 ℃ аяз күтіледі.
Осыған байланысты, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы барлық мектептердің (мемлекеттік, жекеменшік) 0-11 сынып оқушылары; Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мектептердің (мемлекеттік, жекеменшік) 0-9 сынып оқушылары 12 желтоқсан күнгі сабақтарын қашықтықтан оқыту форматында өтеді.