«Рухтастар» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Өтінім қабылдау 7 желтоқсанда, яғни бүгін басталып, 14 желтоқсанда аяқталады.

«Рухтастар» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды

«Ыстық қайрат», «Жылы жүрек», «Нұрлы ақыл» номинациялары биыл жастарға жүлде ретінде екінші рет ұсынылмақ. Ұлы Абайдың адам бойынан табылуы қажет деп атап кеткен ең негізгі қасиеттері жастардың жігерін оятуға сеп болуға тиіс. Ұйымдастырушы – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты бүгін әлеуметтік желілерде сыйлыққа өтінім қабылдау басталғаны туралы хабарлады.

«Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, жыл сайын байқауға қатысамын деуші үміткерлер саны артып келеді.

«Жастар қанатының рухты белсенділері жыл сайын асыға күтетін байқауға қатысуға өтінім бүгіннен бастап қабылданады. Біз ұсынған арнайы номинацияларға өзін лайықты көретін әрбір белсенді бағын сынайтын болады. Жылдан-жылға сайыс қыза түсіп, аймақтардағы жастардың белсенділігі артып келеді. Әр рухтас марапатқа лайықты. Ал үздіктердің үздігін 23 желтоқсан күні анықтайтын боламыз. Сондықтан, өз мүмкіндігіңді жіберіп алма», – деді Ақерке Искандерова.

Сыйлық иегерлері биыл 8 номинация бойынша анықталады:

1. «Ыстық қайрат» – еңбек адамы;

2. «Жылы жүрек» – жыл волонтері;

3. «Нұрлы ақыл» – үздік жас ғалым;

4. «Қайсар» – жыл батыры;

5. Жылдың әлеуметтік жобасы;

6. «Белсенді рухтас» – жыл белсендісі;

7. «Жастар Рухы» – Жастар қанатының үздік бөлімшесі;

8. «Жастар Рухы» – Жастар қанатының үздік филиалы.

Тиісінше, әр номинация жеңімпазы Жастар қанаты дайындаған арнайы ақшалай сыйлықтарға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Өтінім қабылдау 7 желтоқсанда, яғни бүгін басталып, 14 желтоқсан күні аяқталады. Ал, одан кейін жиналған өтінімдерді арнайы комиссия мүшелері тексереді. Ортақ дауысқа салып, жеңімпаздарды анықтайтын болады. 

Айта кетеміз, 2022 «Рухтастар» жастар сыйлығында «Белгісіз Қазақстан» блогының авторы, астаналық Диас Камериданов «Медиа саласының үздігі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын, ал «Жылы жүрек» номинациясы бойынша Орал қаласының тұрғыны Талғат Шудаба марапатталды. Өткен жылғы «Қайсар» жыл батыры номинациясын Жаңаөзен қаласының полиция аға лейтенанты Әлібек Басбаев жеңіп алды.

Жастар сыйлығына қатысуға өтінім беру Jastarruhy.kz  ресми сайтында «Google forms» арқылы қабылданады. Сондай-ақ, өтінім беру ережелерін толығырақ «Жастар Рухы» Telegram арнасынан оқи аласыздар.