Талайға қатер төндірген дерт

Талайға қатер төндірген дерт

Талайға қатер төндірген дерт
ашық дереккөзі
320
Еліміздің барлық өңірінде Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күніне орай ауыр дерттің алдын алу жөніндегі айлық басталды. Айлық аясында медициналық қызметкерлер үшін туберкулездің алдын алу және ерте диагностикалау жөнінде оқыту семинар-тренингтерін ұйымдастыру, денсаулық мектептерінде иммунитетті нығайту, физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтануды насихаттау жұмыстары белсенді жүргізілмек. Статистикалық деректер елімізде құрт ауруына шалдыққандар және осы індеттен көз жұмғандар саны азайып келе жатқанын көрсетсе де, туберкулезбен күрес мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Кезінде елімізге шекара асып келген ауру бүгінде Қазақстанды әбден «жерсініп» кеткені соншалық, еңбектеген баланы да, еңкейген қартты да айналып өтпейтін болды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы дерегі бойынша, әлемде 2 миллиард адам туберкулез микробактериясын жұқтырса, жыл сайын 8,6 миллионға жуық тұрғын індетпен ауырады. Оның жарты миллионнан астамы туберкулездің дәрілермен емделмейтін түрінен зардап шексе, 1,3 миллион адам аталған сырқаттан көз жұмады. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағындағы көптеген дәрілерге төзімділік деңгейі жоғары 18 мемлекеттің қатарында болса да, соңғы 10 жылда елімізде туберкулезге шалдыққандар саны 2,2 есеге, өлім-жітім саны 5 есеге азайды. Өткен жылы Қазақстанда туберкулез кесірінен қайтыс болғандар қатары 17,1 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 3,4 болды (2015 жылы – 4,1 ). Десе де, бұл қауіп сейілді деген сөз емес. Аймақтардан жеткен деректер құрт ауруымен күресті әлі де күшейте түсу керегін ұқтырады.

Жабық мекемеде дерт жұқтырғандар

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласындағы психоневрологиялық диспансерде емделіп жатқан 61 науқас өкпе дертіне шалдыққаны белгілі болды. Ауруы асқынған 3 адам қайтыс болған. Емделушілердің бұл дерті жыл басында анықталыпты. Бұл туралы Шымкентте Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой мен бас эпидемиолог Жандарбек Бекшин, ОҚО әкімінің орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында хабарланды. Алғашқы тексеру нәтижесінде туберкулез дерті 500-ден астам науқасы бар әлеуметтік мекеменің 7 емделушісінен табылған. Кейінірек олардың саны 61-ге жеткені белгілі болды. Оның жартысына жуығы өкпе дертінің ашық түрімен ауырады. Абырой болғанда тереңдетілген тескеру барысында медициналық мекеме қызметкерлерінің ешбірінен құрт ауруы анықталмаған. Брифинг барысында дерттің шығу себебін айта алмаған шенділер тексеру шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, өкпе ауруына шалдыққандар бүгінде тиісті жерге орналастырып, ем-домын қабылдап жатыр. Науқастардың туыстары да тексеруден өту үшін бақылауға алыныпты. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәжілісінде аталмыш оқиғаға байланысты түсініктеме берген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз жұмыстарына салғырт қараған психоневрологиялық емдеу мекемесінің басшылары түгел жұмыстан қуылғанын жеткізді. «Туберкулезді жаппай жұқтыру оқиғасы әлеуметтік мекемеде орын алды. Бұл әлеуметтік қорғау жүйесі. Мұның медициналық ұйым емес, психикалық аурудың ауыр формасымен ауыратын науқастарға арналған арнайы ұйым екендігін айтқым келеді. Мекемеге туберкулездің асқынған түрімен ауыратын пациенттер түсіп, індет бір-біріне жұққан. Біз ОҚО әкімдігімен бірлесіп, бір ай бойы осы түйткілмен айналысып келеміз», – деді министр. Министрдің айтуынша, құрамына денсаулық сақтау вице-министрі, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Алматыдағы туберкулез ғылыми орталығының қызметкерлері енген республикалық комиссия кінәлілерді анықтамақ. Комиссияның қорытындысын құқық қорғау органдары да тағатсыздана күтіп отыр. Нәтиже шыққан соң, қылмыстық іс қозғалады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр бұл жағдай ондағы қызметкерлердің салғырттығынан шыққан деп есептейді. Себебі жабық мекемеде тексеру шаралары ұдайы жүргізіліп тұруы тиіс. Науқастардың жұқпалы дертке жаппай шалдығуына тек бір ғана сала мамандары кінәлі болмауы мүмкін.

Екпе салдырмаудың салдары

Мамандар ересектер арасында таралған өкпе ауруы соңғы жылдары балаларға да ауыса бастағанына алаңдаулы. Дәрігерлердің айтуынша, иммунитетi нашарлаған және жиi ауыратын балалардың ағзасында туберкулез микробактериясының өсiп-өнуiне мүмкiншiлiк мол. Тек былтырғы жылы өкпе ауруын жұқтырған 770 бала тіркеуге алынған. Туберкулез жұқтырған бүлдіршіндер санының көбеюіне тиісті екпелердің салынбауы себеп. Мәселен, 2016 жылы БЦЖ екпесі 4290 баланың бес жүздейіне ғана салынған. Мамандар екпе салмаудың салдары қандай боларын түсіндірсе де, егу шараларына үрке қарайтын ата-аналардың рұқсатын алу оңайға соқпай тұр. Осы уақытқа дейін еліміздегі 12 бала ағзасында туберкулезге қарсы иммунитет қалыптаспағандықтан аурудың ауыр түріне шалдығып, көз жұмған екен. Олардың екеуі – ақтөбелік бүлдіршіндер. Былтыр облыста 345 ата-ана баласына БЦЖ вакцинасын салдырудан бас тартса, бүгінде екпеге өңірдегі 2500-дей ата-ана үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр. «Жаңа туған балаларға 11 инфекцияға қарсы екпе салынады. Алайда бүгінгі күні 2500-дей адам вакцинадан бас тартып отыр. Олардың 75 пайызы діни себептерге байланысты бас тартса, қалғандары екпенің зияны туралы теріс ақпараттарды оқыған. Әсіресе, екпеден бас тартушылар Мұғалжар мен Темір ауданында көп. Екпеден бас тартатын ата-аналардың 58 пайызы жұмыссыздар болса, қалғандары теміржолшылар, кәсіпкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер.  Бұл балалар ертең мектепке барады, ал мұның соңы індет ошағының пайда болуына әкеп соғуы мүмкін», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова. Дәрігерлердің айтуынша, екпе егілмеген баланың иммунитеті әлсіз келеді. Сондықтан да олар кез келген ауруды тез қабылдайды. «Егер балаға БЦЖ, туберкулезге қарсы екпе егілмеген болса, сол үйде, үйдің маңайында я болмаса сол подъезде біреу туберкулезге шалдықса, ол баланың да өкпе ауруымен ауыру қаупі жоғары. Неге десеңіз, дертке қарсы вакцинация жасалмаған. Иммунитеті әлсіз. Сол себепті біз осы мәселені шешу жолдарын қарастырудамыз», – дейді Ақтөбе облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ерлан Тәтімов. Туберкулез жұқтыратын балалар саны артуы мүмкін деп алаңдаған мамандар енді имамдардан көмек сұрай бастады. Өйткені дәрігерлердің топшылауынша, діни көзқарастарына байланысты балаларына екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартатындар көбіне мешіттерде жиналады. Алайда екпені діни түсінікпен байланыстыруға болмайтынын айтқан дін қызметкерлері қоғам үшін маңызды мәселені шешуде дәрігерлерге көмектесуге қауқарсыз екендіктерін жеткізді. Ақ халаттылар енді заң шығарушы органға жүгінбек. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы екпені арнайы заңмен міндеттеуді, екпе алмаған балаларды балабақша мен мектепке қабылдамау туралы қаулы қабылдауды ұсынды. Дәрігерлердің шырылдауы бекер емес. Құрт ауруы екпе алмаған адамға ғана емес, қоғамға да үлкен кесапат әкеледі.

Мигранттар да дерттен кенде емес

 2016 жылы туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, дәрі-дәрмек алу, елдегі туберкулезден емдейтін 70 ауруханаға бюджеттен 35 миллиард теңге бөлінген. Індетпен күрес шараларының күшейтілгеніне қарамастан, елімізде жұқпалы аурудың түбегейлі жойылуына кедергі келтіріп тұрған факторлардың бірі – елімізге туберкулез жұқтырған мигранттардың көптеп келуі. Алматыдағы туберкулез проблемалары ұлттық орталығының маманы Панагүл Жазбекованың айтуынша, Қазақстандағы өкпе ауруымен ауыратын келімсектердің нақты санын білу қиындық тудырады. – 2015 жылы 132 мигрантта туберкулез табылған болса, 2016 жылдың 10 айында 177 науқас анықталды. Олардың ауруға шалдығу көрсеткішін анықтау үшін елдегі мигранттардың нақты санын білу қажет. Жақында көші-қон полициясымен жасалған келісім бойынша, олар бізге тоқсан сайын қажетті мәлімет беріп тұратын болды, – дейді маман. Туберкулезбен ауыратын мигранттар Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қалаларында есепке алынған. Жұқпалы дерт Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан мен Әзірбайжан елдерінен келген азаматтарда жиі кездеседі дейді мамандар. Ресми дерек бойынша, 2015 жылы Қазақ­стан ішкі істер органдарында 100 мыңнан астам еңбек мигранты тіркеуге алынған. Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша, ел аумағына жұмыс істеуге келген еңбек мигранттарында медициналық анықтама болуы тиіс. Алайда арзан жұмыс күшін пайдаланғанды құп көретін кәсіпкерлердің көпшілігі мигранттардың құжатына үңіліп, денсаулығында кінәрат жоғын дәлелдейтін анықтама талап ете бермейді. Алматыдағы туберкулез проблемалары ұлттық орталығы директорының орынбасары Мәлік Әденовтің сөзінше, Қазақстан емдеу мекемелерінде туберкулезбен ауыратын шетелдік азаматтарды екі жағдайда кепілдендірілген мемлекеттік медициналық көмек есебінен тегін емдеу тәртібі белгіленген. – Біріншіден, егер дерт салдарынан науқас қатты ауырып, жүре алмайтын жағдайда болса, екіншіден, туберкулездің жұқпалы, яғни ашық түрімен ауырса, ондай науқастарды тегін емдейміз. Ал жағдайы біршама жақсарған соң олардың қолдарына ауру тарихының көшірмесін беріп, ары қарай емделуге еліне қайтарамыз, – дейді Мәлік Әденов. БҰҰ жанындағы халықаралық «Stop TB» серіктестігі атқарушы директорының орынбасары Сабху Субанандтың сөзінше, туберкулез Үндістан, Қытай, Индонезия, Нигерия тәрізді халқы көп мемлекеттерде өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жағдай да күрделі. «Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде туберкулез дәріге төзімді және оны емдеу қиындық тудырады. Осы өңірлерде мигранттар арасында да дерт тараған. Сондықтан мигранттардың емделуіне жағдай жасалуы тиіс және медициналық көмектен өзге олардың құқықтарының тапталмауын да қадағалау қажет», – дейді Сабху Субананд. Қазақстанда мигранттарды туберкулез дертіне тегін диагностикадан өткізу шарасына Project HOPE халықаралық денсаулық сақтау ұйымы демеушілік етеді. Ұйымның Қазақстандағы үйлестірушісі Бахтияр Бабамұратовтың айтуынша, 2014 жылдан бастап Қарағанды, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында және Алматы облысында мигранттар арасындағы туберкулезге қарсы үш жылға жоспарланған іс-шаралар атқарылып жатыр. – Мигранттарды қабылдайтын 45 емханамен келісім жасалған. Оларға ауруды дер шағында анықтап, емдеуге жұмсаған шығынын өтейміз. Бір жарым жылда 35 мыңнан астам мигрантқа ауру жөнінде ақпарат берілді. Мигранттардың 5,5 мыңы тексеруден өтті, – дейді ол. Бабамұратовтың айтуынша, туберкулезді шекаралық бақылау мақсатында биыл Қазақстан және көршілес бірнеше мемлекет арасында арнайы құжатқа қол қою жоспарланып отырған көрінеді. Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы мамандары келтірген дерекке сәйкес, соңғы 2 жылда Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 91 мигрантты емдеуге демеушілік қаржыдан бөлек, еліміздің қазынасынан 6 миллион теңге жұмсалған. Ел ішіндегілердің сырқатымен күресу қиынға соғып тұрғанда, сырттан келгендерді емдеу де қалтаға аз салмақ түсірмей тұр. Өкінішке қарай, шекара көлденең көк аттының жолына бөгет болғанымен, ауру-сырқаудан қорған бола алар емес.  

Серіктес жаңалықтары