Ғаламтордың «ғажабына» арбалған

Ғаламтордың «ғажабына» арбалған

Ғаламтордың «ғажабына» арбалған
ашық дереккөзі
Соңғы уақытта балаларды ғаламтордың кері әсерінен қорғау қажеттігі жиі әңгіме болуда. Буыны қатпаған баланы интернеттен қорғаудың өзекті мәселеге айналуы да себепсіз емес. Талай уақыттан бері алдыңғы орынға шыққан ғаламтордың пайдасы мен зиянын үнемі таразылап отырғанымызбен, кейбір сайттардың жұмысына тосқауыл бола алмай отырған жайымыз бар. Сондықтан  ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров балаларды қауіпті интернет-контенттен заңмен қорғау керектігі туралы Үкіметке үндеу жолдады.

Балаларды интернеттен алыстату мүмкін бе?

 Интернет – бүгінде ақпараттың қайнаған көзі. Ғаламтор ғаламды шарпыған алпауыт күшке айналғалы қашан. Әлемнің кез келген түкпірінде жүріп өзге мемлекеттегі таныстарыңмен байланыс орнатып беретін де, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын да осы ғаламтор. Алайда интернеттің адам баласына тиер кесапаты да күн санап арта түсуде. Әсіресе, буыны бекімеген балалар мен жас­өспірімдерге тигізер кесірі көбейе бастағанын байқап жүрміз. Оның үстіне, статистикалық деректер ғаламторды ересектерден гөрі жасөспірімдердің көп қолданатындығын дәлелдеп отыр. Мұндай жағдайда балаларды интернеттен мүлдем алыстату мүмкін емес. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Үкіметке ұсыныс жолдауының сыры да осында. Омбудсменнің Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған үндеуінде жағымсыз ақпараттық ортаның ықпалынан балаларды қорғау мәселесі жөнінде айтылады. Атап айтқанда, омбудсмен ғаламторға кеңінен таралған кәмелеттік жасқа толмағандарды суицидке шақыратын ойындарға деген қоғам алаңдаушылығын атап өтті. Ол мәселенің әлдеқайда ауқымды екенін және оны шешуде терең сараптаманы, жүйелі көзқарастың қажет екенін айтты. Аталған бағытта Үкімет қабылдаған шаралар заманауи әрі тиімді, алайда бұл шаралар аяқталған соң, мәселе шешімі табыла бермейді. Осыған байланысты, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл интернет қарым-қатынастары саласын заңнамалық тұрғыда жетілдіруді ұсынып отыр. Хат авторы балаларды зиянды ақпараттан қорғау шараларының заңнамалық тұрғыда нығайтудың жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға сай реттелгеніне баса назар аударады. 2007 жылы балалар құқығы жөніндегі БҰҰ комитеті өзінің  қорытынды ескертпесінде Қазақстанға бұқаралық ақпарат құралдарына балалардың психикалық, эмоциялық, әлеуметтік дамуына кері әсер ететін материалдарды жариялауға, көрсетуге рұқсат бермейтін нормативтік актілерді қабылдауды тездетуді ұсынды. Үндеуде Қазақстанның және өзге мемлекеттердің құқықтық базасын зерделеуге негізделген бірқатар нақты ұсыныстар бар. Осылайша, интернет-контентті жас бойынша жіктеу және контент қолданушысының міндетті тіркеу жүйесі болмаған жағдайда провайдер мен құқық иелерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Асқар Шәкіров Үкіметке жолдаған хатында Ұлыбритания немесе Ресей тәжірибесін зерттеп, бізге де «18 жастан асқандарға» немесе ұялы телефон интернетінде бірден «балаларға арналған» контент жүйесін қалыптастыру керек деп дабыл қақты. Сондай-ақ, заңда ата-аналар мен провайдерлердің жауапкершілігін арттыру да қарастырылуы тиіс делінген. Бүгінде бала ата-анасын мазаламастан тыныш отырсын деген кез келген жан бүлдіршіннің қолына смартфон ұстатып қояды. Біз осылайша балаларды ғаламторға байлап беріп, сүзгіден өтпеген, талғамсыз, тіпті, зиянды ақпараттармен бала санасын улап отырғанымызды өзіміз де аңғармай қалудамыз. Таяуда еліміздің бірқатар аймақтарында баланың мектепке телефон, смартфонмен келуіне тыйым салу қажет деген бастама көтерілген болатын. Тіпті, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл облыстарындағы кейбір мектептерде балалар мен мұғалімдердің мектепке смартфон әкелуіне қатаң тыйым салынған көрінеді. Әлемнің АҚШ, Ұлыбритания сынды дамыған елдері мен көршілес Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінде де балалардың мектепте телефон ұстауына рұқсат жоқ.  

10 жылда ғаламтор пайдаланушылар 19 есеге өсті

 Бүгінде өмірін интернетсіз елестете алмайтындардың қатары арта бастады. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде соңғы 10 жыл ішінде интернет пайдаланушылар саны 19 есеге өсіп, 8,9 миллион адамды құрады. Ал 15-24 жас аралығында ғаламторды пайдаланушылардың үлесі 97 пайызға жеткен. Бұл бүгінде ғаламторға тәуелділік атты жаңа дерттің пайда болғанының тағы бір дәлелі. The Independent басылымының мәлімдеуінше, адамның ғаламторға тәуелділігі ішімдік, кокаин немесе марихуанаға тәуелділікпен бірдей екен. Негізінен, компьютер тұтынушыларының 5-10 пайызы ғаламторға тәуелді. Ересектерді былай қойғанда, бұл күнде жасөспірімдер мен бүлдіршіндер де ғаламтор атты шексіз әлемге байланып отыр. Сондықтан, ғаламтордан балаларға төнетін қауіпті қоғам назарынан тыс қалдыруға әсте болмайды. Жалпы, балаларды интернеттегі түрлі қауіп-қатерлерден қорғау мақсатында әр мемлекетте түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мәселен, көршілес Ресей елінде 2010 жылы «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылданды. Ал 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап электронды БАҚ, фильмдер, музыка, театр қойылымдарды қай жастан бастап көруге және тыңдауға болатындығы анықталатын болды. Қытайда 1992 жылы «Кәмелеттік жасқа толмағандарды қорғау туралы» заңы бойынша, кәмелеттік жасқа толмағандарды зиянды әрекеттерден, әсіресе, ғаламторға тәуелділіктен қорғау ата-ананың міндеті ретінде бекітілген. Айта кетейік, Қытай елі интернет қызметіне ерекше көңіл бөлетін және реттейтін бірден-бір мемлекет. Тіпті, бұл елде бірқатар әлеуметтік желілер мен сайттарды пайдалануға тосқауыл қойылған. Сондай-ақ, 2004 жылы ғаламтордағы заңсыз материалдарға Қытай шағым жасау орталығы құрылды. Орталық кәмелеттік жасқа толмаған балаларды заңсыз және зиян ақпараттардан қорғауды мақсат етеді. Ұлыбританияда Ғаламторды бақылау қоры мен Балалардың ғаламтордағы қауіпсіздігі бойынша кеңес жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұнда қоғамды жалған және зиянды ақпараттардан қорғау стандарттарын әзірлеп, жүзеге асыратын Байланыс бойынша кеңсе бар. Біздің елде де балаларды зиянды ақпараттардан қорғау үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Шын мәнінде, балаларды ғаламтордан қорғаудың түрлі жолдары бар. Біріншіден, әр ата-ана баласына ғаламтор туралы толық мәлімет беруі тиіс. Оның пайдасы мен зияны туралы да айтуы керек. Балаларды ғаламтордан қорғайтын жалғыз періште – ата-ана. Бірақ ата-аналар да, ұстаздар да, тіпті балалардың өздері де көп ескере бермейтін бір мәселе бар, ол – ғаламтордың қауіптілігі, ондағы кейбір дүниелердің адам психологиясына кері әсер етуі. Екіншісі – білім беру компанияларын дамыту. Яғни әрбір ата-ана, ұстаздар қауымы балаларға ғаламтордағы кейбір сайттардың зияндылығы туралы айтып отыруы керек. Үшіншісі – жаңа технологияларды пайдалану. Қазір ғаламтордағы сайттарды реттеп, бақылап отыратын арнайы бағдарламалар бар. Бағдарлама арқылы балаңыздың қандай сайттарға кіріп жүргенін біле аласыз. Елімізде ғаламтор арқылы тарайтын қауіп-қатерге үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары ата-аналар мен оқытушылар арасында балалардың ғаламтордағы қимылын әрқашан қадағалап отыру қажеттігі жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі ғаламтордағы, әлеуметтік желілердегі түрлі ақпараттар балаларға қауіп туғыза бастады.

«Көк киттен» келген кесір

Ғаламтордағы түрлі сайттар мен әлеуметтік желілердегі топтар жас­өспірімдердің психологиясына кері әсер ететіндігі жөнінде үнемі айтылып келеді. Мұндай сайттар мен желілерді бұғаттау қажеттігі туралы сөз болғанымен, ғаламтор қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ете алғанымыз жоқ. Статистикалық деректерге иек артсақ, өткен жылы өз-өзіне қол жұмсағандар саны 2015 жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға азайыпты. Ал ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің деректері бойынша, 2017 жылдың басынан бері кәмелет жасына толмаған балалар арасында 20 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артық. Өмірдің ыстығы мен суығын әлі көріп үлгермеген жасөспірімдердің өмірмен қоштасуына не себеп? Мұның бір ұшы әлеуметтік желілерге келіп тіреледі. Өйткені әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын топтар кең тараған. Сондықтан, өткен жылдың соңында Білім және ғылым министрлігі де әлеуметтік желідегі мұндай парақшаларды бұғаттауды сұраған болатын. Бірақ одан бері еш өзгеріс бола қоймаған тәрізді. Мұндай парақшалар мен сайттарға тыйым салу мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Соңғы уақытта әлеуметтік желідегі кейбір жасөспірімдердің өмірмен қоштасуына себепкер болып отырған топтардың қатарында «көк кит» тобының атауы жиі аталуда. Өкінішке қарай, арнайы тапсырмалар арқылы балалардың психологиясына әсер етіп, олардың өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болатын бұл ойын қазақстандықтарды да айналып өтпеді. Мәселен, Қарағандыда жуынатын бөлменің тұтқасына асылып қалған 19 жастағы бойжеткен, Ақтау қаласындағы қолын тілгілеп тастаған жетінші сынып оқушысы да осы ойынның құрбандары. Сондай-ақ, Жамбыл облысында және Астана қаласында аталмыш ойынның бірнеше тапсырмасын орындап үлгерген жасөспірімдер туралы да деректер бар. Осы ойынның әсерінен өздеріне қол салмақ болған жасөспірімдер Алматы мен Астанадан, Семей мен Павлодардан, Петропавл қаласынан табылды. Бұл қауіпті ойын қазіргі уақытта бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. «Көк кит» көрші елден келген қауіпті ойындардың алғашқысы емес. Бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы «Собачий кайф» деп аталатын ойын да жас­өспірімдердің өз-өзін тұншықтыруына себеп болған-ды. Өзін-өзі тұншықтырумен тек ресейлік жасөспірімдер ғана емес, 2007 жылы АҚШ жасөспірімдері де ойнаған көрінеді. АҚШ-та бір жылдың өзінде-ақ 40-қа жуық бала осы ойынның кесірінен о дүниеге аттанған. Ал бүгінгі күні ел арасында жиі сөз болып жүрген «Көк кит» ойынының кесірінен өзіне қол салушылар көбейген. Деректерге назар салар болсақ, 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың сәуірі аралығында бір Ресейдің өзінде әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын топтардың ықпалына түсіп, 130-дан астам жасөспірім өз-өзіне қол салған. Одан кейін мұндай оқиға Қырғызстанда көбейіп, енді қазақстандық жасөспірімдердің өміріне балта шабуда. Алайда ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде елімізде тіркелген өз-өзіне қол жұмсау деректерінің әлеуметтік желілердегі топтармен байланысы нақты анықталмағандығын атап өткен болатын. Дегенмен, қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының мамандары әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын топтарды анықтап, бұғаттауды қолға алды. Сондай-ақ, еліміздегі білім беру мекемелеріне де арнайы нұсқаулықтар беріле бастаған. Елорда мектептеріне қалалық прокуратура әлеуметтік желілердің зардаптары туралы ескерту жасап, мамандарды сақ болуға шақыруда. Шығыс Қазақстанда да тиісті органдарға тапсырма берілгені белгілі болды. Яғни, мемлекет те жас­өспірімдердің өз өміріне балта шабуына қарсы шараларды ұйымдастырудан тыс қалып жатқан жоқ. Десек те, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болған кезінде Ерлан Қарин «Вконтакте» әлеуметтік желісін бұғаттау туралы пікір білдірген еді. Өйткені аталмыш желіде жас­өспірімдерді адастыратын қауымдастықтар жеткілікті екен. Sputnik Қазақстан баспасөз орталығындағы диалогтік алаңқайға ата-аналар қауымдастығы, Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері жиналып, әлеуметтік желідегі «өлім топтарының» ықпалынан балаларды қорғау мәселесін талқылаған-ды. Бұл жиында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері 2015 жылы әлеуметтік желілердегі суицидтік сипаттағы 157 қауымдастық пен топқа қарсы шара қолданылса, 2016 жылы 161 қауымдастық пен топқа блок қойылғандығы жөнінде мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желілердегі жас­өспірімдердің өміріне балта шабуы мүмкін топтар мен қауымдастықтармен күрес жұмыстары жүргізіліп жатқандығы рас. Десек те, қазір біз үшін әлеуметтік желілерді ауыздықтау қолдан келмес шара. Дегенмен, қоғамның дұрыс дамуы үшін, жас ұрпақтың ой-өрісіне залал келтірмеу үшін әлеуметтік желілерді жөнімен қолданудың ретін тапқан жөн.