Әлихан Смайылов: Жол бойындағы қызмет көрсетуді әлі дамыта алмай келеміз

Оның айтуынша, сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберген

Әлихан Смайылов: Жол бойындағы қызмет көрсетуді әлі дамыта алмай келеміз
telegram/Ukimet
798

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халықаралық және ішкі маршруттарда жол бойындағы сервис әлі күнге дейін дамымай отырғанын сынады, деп хабарлады turkystan.kz.

Ол жол бойындағы қызмет көрсет бойынша да проблемалар әлі бар екенін атап өтті.

«Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзит дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де жағдай осындай», - деді Смайылов Үкімет отырысында.

Айтуынша, сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберген. Осыған байланысты инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр.

«Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік берер еді. Алайда сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді», - дейді Премьер-министр.

Осыған байланысты Үкімет басшысы әкімдіктерге сервис объектілерін салу үшін бизнеске жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, инвесторлар тарту және жол бойындағы сервис жобаларын іске асыру бойынша жеңілдетілген механизмді пысықтау қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, әкімдіктер жол бойындағы сервис объектілерін ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі жол карталарын әзірлеуі керек.

Серіктес жаңалықтары