«Менің пайдалы әдеттерім» марафоны жалғасып жатыр

Менің пайдалы әдеттерімнің бірі – көшедегі мысықтарды тамақтандыру

«Менің пайдалы әдеттерім» марафоны жалғасып жатыр
827

Психологтардың айтуынша, пайдалы әдеттерді 21 күнде қалыптастыруға болады. Ал «Жастар Рухы» Жастар қанаты пайдалы әдеттерді «дүйсенбіге» қалдырмай бүгіннен бастауға шақырады. Жастар қанаты «Менің пайдалы әдеттерім» марафонын жалғастырып жатыр.

Белсенділер, қоғам көшбасшылары әлеуметтік желіде жазбаларды бір-біріне жолдап, пайдалы әдеттерді қалыптастыруда. Осындай жазбалардың бірінде «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Досмұхамедов Асхат Сейденұлы жастарды спортпен шұғылданып, рухани дамуға шақырды.

«Жұмыстан қаншалықты бос болмасам да, спортқа уақыт табамын. Спорт менің ажырамас бөлігім деп айтсам болады. Себебі бала кезімнен жүгіру және үстел теннисімен қазіргі уақытқа дейін айналысып келемін. Адамның басты байлығы – рухани байлық екенін сеземін. Сондықтан, кітап оқуды, домбыра тартуды жаным сүйеді. Әсіресе, көркем ойлы сөздерді жаттап, мейлінше қызмет барысында да, өмірде де әр түрлі деңгейдегі басқосуларда айтып жүремін. Арлы, иманды, білімді, еңбекқор болумен қатар, бар күш-жүгерімді, ақыл-парасатымды-халқымның қамына бағыттағым келеді», – деді ол өз жазбасында.

Сондай-ақ қызылордалық Аруна Асылбек қараусыз қалған жануарларды тамақтандырып, қамқор болайық дейді.

«Менің пайдалы әдеттерімнің бірі – көшедегі мысықтарды тамақтандыру. Қазір күн суығандықтан, қараусыз қалған жануарларға қамқор болуымыз керек. Сөмкемде үнемі  мысықтарға арналған тағамдарды алып жүремін. Осылайша оларға қамқорлық танытып, кішкене болса да көмегімді тигіземін. Сондай-ақ орталықтарға немесе отбасыларға орналастыруға көмектесемін», – деді Аруна Асылбек.

Кейінгі кезде қан тапсырып, донор болуға ниетті адамдардың санының артқанын көріп жүрміз. Осыған байланысты шымкенттік Сағадат Бораш донор болу өмір сыйлаумен тең деп санайды.

«Күн сайын жаңалықтардан түрлі жазатайым оқиғалардың орын алып жатқанын көреміз. Өмір мен өлімнің арасында күресудегі адамға кез келген уақытта қан керек болуы мүмкін. Көмек қолын созу арқылы өз пайдамды тигізгім келеді. Жылына 2-3 рет қан тапсырып, донор боламын. Белгілі бір сый үшін емес, жүректің қалауы бойынша көмектесуге тырысамын. Сондай-ақ донор болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану және денсаулықты қадағалау қажет. Сондықтан мен донор болуға тыйым салынбаған кез келген адамға донор болуды ұсынғым келеді», – деді ол.

Айта кетеміз, марафон басталғалы бері әлеуметтік желілерде онлайн марафонды қолдаушылар 1000-нан астам жазба жариялады.

 

Серіктес жаңалықтары