Жастар Рухы: Петропавлдағы рейд кезінде құқықбұзушылықтар анықталды

Дәл осындай рейдтер бүгін Қонаев, Қостанай, Ақтау қалаларында өтті.

Жастар Рухы: Петропавлдағы рейд кезінде құқықбұзушылықтар анықталды
867

Құқықтық тәртіпті сақтау бойынша полиция департаментінің қызметкерлері мен «Жастар Рухы» Жастар қанаты бірлескен рейдтер Қазақстанның барлық 20 өңірінде жалғасуда.

Петропавлда рейд түнгі компьютерлік клубтарды, ойын-сауық кешендерін, кафелер мен жастар жиналатын басқа да қоғамдық орындарды қамтыды. Профилактикалық жұмыстың 1 күнінде барлығы 9 нысан тексерілді. 5 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 3 отбасы тұрмыстық нормалардың сақталуына, оның ішінде үйде алкогольдің болуына, ата-аналарының жағдайы тексеріліп, олармен профилактикалық әңгімелер жүрді. Отбасылардың бірінде анасының мас күйінде жиі болып, 8 жасар ұлының назардан тыс болуына байланысты ата-ана құқығынан айыру мәселесі көтерілді. Баланы ары қарай орналастыру мәселесі қарастырылуда.

«Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Біздің мақсат – тұрмысы нашар отбасылардағы тұрмыстық жағдайларды тексеру, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, профилактикалық әңгіме жүргізу. Қолайсыз отбасылар әрқашан полицияның қатаң бақылауында болады», - деді «Жастар Рухы» Жастар Қанатының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов.

Дәл осындай рейдтер бүгін Қонаев, Қостанай, Ақтау қалаларында өтті.

Сондай-ақ «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» жыл сайынғы республикалық акциясы өтуде. Акция аясында Талдықорған қаласының және Мойнақ ауылының тұрғындары арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты профилактикалық жұмыс жүргізілді. Аталмыш профилактикалық жұмыс Талдықорған қаласының Полиция басқармасы, Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау орталығы, ТЖБ қызметкерлері және Жастар қанатының белсенділерінің қатысуымен өтті.

Осы акция барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге өз құқықтары туралы көбірек білуге және оларды пайдалануға көмектесіп, агрессорға қалай әсер ету керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Волонтерлердің көмегімен ақпараттық материалдар таратылды. Үш күн ішінде 800-ден астам қоғамдық іс-шара ұйымдастырылды.

Ал Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау темір жолында жедел-профилактикалық рейд өтсе, Атырау қаласында қала дүкендеріне кешкі 23:00-ден кейін спирттік өнімдерді сатуға болмайтындығы жөнінде ескертілді.

Сондай-ақ полиция департаментінің өкілдері мен белсенділердің қатысуымен мектеп оқушылары мен студенттермен кездесу ұйымдастырылуда. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамада болған бірқатар өзгерістер, шағын электр көлік құралдары мен электр скутерлерді пайдаланудағы заңнамалық түзетулер туралы жастарды хабардар етуде.

Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушыларды қадағалау күшейтілді. Абай облысында МАИ қызметкерлерімен көлік айдаушылар мен жаяужүргіншілердің жол ережесін сақтау бойынша рейді өтті.  Негізгі құқық бұзушылықтар – жылдамдықты арттыру, қараңғыланған терезелердің орнатылуы, қауіпсіздік белбеуінің болмауы, мас күйінде көлік айдау және автокөлікті екі қатарлы жолға тұраққа қою. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша басқа облыстарда да қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Түнгі рейдтер мен жол-көлік оқиғаларын бақылаудан бөлек балалардың да қауіпсіздігі назардан тыс емес. Әр тұрғын үйдің аумағында орналасқан балалар алаңдары мен әткеншектер, ашық қалған люктер мен электрщиттері де тексерілуде. Себебі – балалардың қауіпсіздігі қоғам үшін алғы шепте.

Ал Астана қаласының Сарыарқа ауданы алдын алу іс-шарасы басталғалы бері 500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық фактілері тіркелген. Оның ішінде вандализм бойынша 5 факт, ұсақ бұзақылық бойынша 4 факті анықталған.

Бүгінде «Жастар Рухы» Жастар қанаты 200-ден астам рейд өткізіп, оған 2 мыңға жуық адам қатысты.

Рейдтерге қатысушы Қарағандылық Мажитов Арафат өзімізге артылған жауапкершілікті сезініп, бұл жұмысқа ерекше дайындықпен қараймыз дейді.

«Полицейлермен бірлескен рейдтерде біз үлкен тәжірибе жинаудамыз. Заңдармен қатар, полицейлердің жұмысымен танысып жатырмыз. Құқық бұзушылықтарға саналы түрде төтеп беріп, түрлі рейдтерге шығудамыз. Мұндай рейдтерді ұйымдастыруымыз алғаш емес, біз полиция департаментімен кешенді түрде жұмыс жасаймыз», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, акция вандализм деректерін, мүліктік залал келтіруді, ұсақ бұзақылықты, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

 

Серіктес жаңалықтары