Бразилиялық әнші танымал әндерді қазақ тіліне аударды
Босса Нова енді қазақша шырқалады
Бразилиялық әндерді қазақ тілінде әуелеткен Полина Тырина есімді астаналық әншінің жуырда камералық альбомы жарыққа шығады, деп жазды turkystan.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Өткен ғасырдың 60-70-жылдары Бразилияда пайда болған музыка жанры жұртшылыққа көптен таныс. Фольклор мен джаздың қосындысынан туындаған әуезді саз португал тілінен бөлек, ағылшын, француз, орыс тілдеріндегі әндерге арқау болғаны қашан. Енді міне, олардың қатарына қазақ тілі де қосылды. Полина ханым осылай ән арқылы, бір жағынан, тіл сындырса, екінші жағынан, қазақ тілді аудиторияға Босса Нова жанрын насихаттағысы келеді.
"Бір қызығы, бұл - үш әннен құралған камералық жоба. Екінші жағынан, бұл жоба күтпеген жерден халықаралық сипатқа ие болды. Өйткені продюсерлікке ресейлік мамандарды тарттым. Дыбысты жазу кезінде оларға қазақ тіліндегі мәтіндерімді жібердім. Олар менен кей сөздердің қазақ тіліндегі аударманы сұратып жатты. Бұның өзі қызық тәжірибе. Сондай-ақ бразилиялық суретшіні қатыстырдым. Ол альбомның мұқабасын салып берді", - дейді әнші Полина Тырина.
Қазақстандық фотограф түсірген суретке қарап, бразилиялық қылқалам шебері оған түрлі түсті әр береді. Сөйтіп, альбомға әп-сәтте Босса Нованың отаны, шырайлы Бразилияның реңін бітіреді. Ол суретке Полина Тырина гитарасын ұстап, қазақи әшекейін тағып түскен еді. Жасандылық жан-дүниесіне жат әнші, сахналық есімін қалай таңдағанын да айтып берді.
"Мендегі тикток пен инстаграм парақшаларымда біреулер пікір қалдырыпты. Жаңылмасам, қазақ халық әндерін орындаған видеолардың астына. Сонда Полина ханым деп бастап жазған. Сол кезде "ханым" деген қаратпа сөзі қатты ұнады. Неге сахналық есім ретінде қолданбасқа деген ойға қалдым? Түптеп келгенде, мен осы жақтың тумасымын ғой, жанға жылы тиетін сөз, әрі болмысым одан еш өзгермейді. Жалпы, маған ханым деген сөздің мағынасы қатты ұнайды", - дейді әнші.
«Ипонема қызы», «Жылусыз» және «Үнсіз түн». Бұл - Полина ханымның репертуарындағы Босса Нова әндері. Мәтінді қазақ тіліне аударған Наргиз Макраева.
Қазір жобаға қатысушылар камералық альбомның тұсаукесеріне қызу дайындалып жатыр.
"Негізі, мынау менің араб әндерін орындаған кезде киетін костюмдерім, олар да музыкалық өмірімнің бөлшегі. Бұларды кигенде өзімді патшайым сияқты сезінемін. Жексенбі күні өтетін концертіме келсеңіздер, не киетінімді көре аласыздар. Босса Нова үшін этникалық үлгіде, сәнді, бірақ міндетті түрде ыңғайлы киім киіп шығамын. Өйткені аспапта ойнаймын ғой. Киімнің ыңғайлы болғаны аса маңызды", - дейді әнші.
Полина Тыринаның орындауындағы қазақ Босса Нова жинағы 3 желтоқсан күні астаналық жұртшылықтың назарына ұсынылады.
"Жаныма жақын тартқан бұл жанр өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Енді осы жобам арқылы Бразилия халқы Қазақстан туралы танып білсе деген арман-тілегі бар", - дейді Полина.