«Түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова мәдениет және креативті индустриялар форумына қатысты
Форум қатысушылары «Мәдениет және креативті индустриялар көрмесімен» (MY EXPO 2023) танысты.
Кеше Бакуде Гейдар Әлиев орталығында Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Шығармашылық апта» аясында Мәдениет және креативті индустриялар форумының ашылу салтанаты өтті.
Аталған форум Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің 2022 жылғы 22 шілдедегі өкімімен бекітілген «Әзербайжан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын» іске асыруға негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Форум аясында қатысушылар кино, анимация, музыка, мәдениет саласындағы стартаптар, ойын технологиялары, сән, дизайн, сондай-ақ креативті кеңістіктер мен аймақтар сияқты кластерлерді қамтитын «Мәдениет және креативті индустриялар көрмесімен» (MY EXPO 2023) танысты.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова форумның «Мәдениет пен креативті индустриялардың экожүйесін дамыту: халықаралық перспектива» тақырыбындағы панельдік сессиясына қатысты.
Ақтоты Райымқұлова аталған форум Әзербайжандағы ұйымның президенті ретінде қатысқан алғашқы ресми іс-шара болғанын атап өтті. Ол Түркі мемлекеттерінің басшыларына, соның ішінде Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев мырзаға Қордың президенті лауазымына тағайындау кезінде көрсеткен сенімі үшін алғысын білдірді.
Қор Президенті қазіргі цифрлық дәуірдегі мәдениет пен креативті салалардың маңызды рөлін атап өтті. Ол жаһандану мен мәдени интеграцияны жүзеге асыруда әр халықтың бірегей материалдық және рухани құндылықтарын құрметтеу арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Ақтоты Райымқұлова өзі басқаратын ұйым мәдениетаралық диалогты дамытуға үлес қосатынын, сондай-ақ түркітілдес халықтар арасындағы қарым-қатынас пен өзара түсіністік үшін платформа болып табылатынын хабарлады.
Іс-шарада Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керімли, Әзербайжан Республикасы Экономика министрінің бірінші орынбасары Эльнур Әлиев және басқа да лауазымды тұлғалар сөз сөйледі.