Банкоматтан өзгенің ақшасын ұрлаған елорда тұрғыны ұсталды
Ер адам мойындау көрсетпелерін берді.
Банкоматтан өзгенің ақшасын ұрлаған астаналық азамат құрықталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері өзгенің шотынан ақша ұрлады деген күдікпен 38 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
«Тергеу барысында ер адамның күндізгі уақытта қаланың сол жақ жағалауындағы банктердің біріне келгені белгілі болды. Ол банк клиентінің банкомат арқылы қолма-қол ақшаны шешіп алып, операцияны соңына дейін аяқтамай кетіп қалғанын байқайды. Қылмыстық оймен күдікті, жәбірленушінің банк менеджерімен сөйлесіп тұрғанын пайдаланып, оның шотынан 50 мың теңгені ұрлап алып үй-жайдан шығып кеткен»,– делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.