Қазақстан мен Того президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Того күш жұмылдыра отырып, алдағы уақытта атқара алатын негізгі салаларды айқындады.

Қазақстан мен Того президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
akorda.kz
886

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Того Республикасының Президенті Фор Эссозимна Гнассингбемен келіссөз жүргізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Фор Гнассингбеге ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға тарихи сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

«Қазақстан Сіздің еліңізбен жан-жақты ынтымақтастықты ілгерілетуге мүдделі. Бұған дейінгі бейресми әңгімелесу барысында біз Қазақстан мен Того арасында ықпалдастық орнату үшін өзара мүддені көздейтін қолда бар мүмкіндіктерді талқыладық. Әрине, елдеріміз әртүрлі құрлықта, әртүрлі аймақта орналасқан. Бірақ бізге қазіргідей халықаралық күрделі жағдайда күш біріктіру керек. Осы орайда, Қазақстан мен Того, сондай-ақ, басқа да мемлекеттер халықаралық қатынастарды қалыпқа келтіру үшін бір болуы қажет», – деді Президент.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Того күш жұмылдыра отырып, алдағы уақытта атқара алатын негізгі салаларды айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екіжақты және халықаралық күн тәртібін ілгерілету үшін тұрақты диалог орнату қажет.

Президент Фор Гнассингбе жылышырай танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтты

«Мен Сізге және барша Қазақстан жұртшылығына Того халқының ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Екі елдің игілігі жолындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін зор мүмкіндік бар», – деді Того Президенті.

Бұдан кейін президенттер екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Серіктес жаңалықтары