Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны 17 мыңнан асты
Жоғары деңгей Шымкент қаласында байқалады.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
«Әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдай күрделеніп келеді. Елімізде осы жылы қызылшаны 17 мыңнан астам адам жұқтырған. Оның 82 пайыздан астамы – балалар арасында. Оның ішінде вакцина алмаған балалар – 83 пайыз. Қызылша сырқаты барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгей Шымкент қаласында байқалады – 3 мыңнан асады. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында – 2 мыңнан асады, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан асады», – деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, сырқаттану жағдайларының күрт артуы қыркүйек айынан басталған.
«Яғни оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты байқалады. Салдарынан сырқаттану деңгейі екі есе көбейді. Қараша айында 6 мыңнан асты», – деді Ажар Ғиният.