Жеті жылға жоспар: Жаңа экономикалық саясат

Салық, бюджет, ақша-кредит, тариф саясатын тең дәрежеде әрі ашық жүргізу, сондай-ақ ішкі өндірісті, шикізаттық емес экспорт ынталандырылатыны айтылған болатын.

Жеті жылға жоспар: Жаңа экономикалық саясат
сурет: GOV.KZ

Президент «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында монополистердің қызметіне тосқауыл қойып, жаңа экономикалық моделге көшу туралы айтылған болатын.

Салық, бюджет, ақша-кредит, тариф саясатын тең дәрежеде әрі ашық жүргізу, сондай-ақ ішкі өндірісті, шикізаттық емес экспорт ынталандырылатыны айтылған болатын. Мемлекет басшысының бұл бастамасы 1 қыркүйектегі Жолдауында да жалғасын тапты. Сонымен, бір жыл ішінде қандай өзгеріс болды?

«Экономика демонополизацияланады, ал мемлекет бизнеске қатысуын айтарлықтай азайтады. Адал бизнеске бюрократиялық қысым азаяды. Біздің барлық күш-жігеріміз кәсіпкерлікті ынталандыруға және қорғауға бағытталатын болады. Заңсыз иемделінген және шығарылған активтерді елімізге қайтару бойынша жұмысты жандандырамыз. Олар халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін болады», — делінген Мемлекет басшысының бағдарламасында.

Ең алдымен, «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Оның нормалары әкімшілік-билік ресурстарына иелік еткен немесе осындай қолдау алған олигополия субъектілеріне қатысты қолданылатын болады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдделері толығымен қорғалатын болады. Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Үкіметтің ресми мәліметіне сүйенсек, қазір мемлекетке құны шамамен 1 трлн теңге сома болатын активтер қайтарылды. Оның шамамен 600 миллион доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 миллион доллар, Австриядан 82 миллион доллар, Лихтенштейннен 260 миллион доллар, Гонконгтан 2 миллион доллар қайтарылды. 

Сонымен қатар, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Заң аясында борышкерлер үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері қарастырылған. Қазір 11,3 млрд теңгеден астам сомаға 7,1 мың азамат банкрот деп танылды.

Тариф белгілеудің барлық процесінің ашықтығы, есептілігі және жариялылығы қағидаттарына негізделген тарифтік реформа басталды. Табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» базасында цифрландырылған. Кәсіпорындардың сатып алулары да электрондық форматқа ауыстырылды.

Қазыналық саясатты қайта қарауға көп көңіл бөлініп, жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар «сән-салтанат» заттарына қосымша акциз енгізу мәселелері пысықталып жатыр. Мұндай мүмкіндікті қарастыру қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген. Президенттің Сайлауалды бағдарламасында қойылған мақсаттарды орындау үшін Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары өзектендірілді. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Кәсіпкерлерді көлеңкелі сектордан шығару үшін қолайлы бизнес-орта құрылып жатыр.