«Qazaqstan: орнықты даму жолында» жинағы көпшілікке таныстырылды

Жинақты Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері «Талдау мектебінің» түлектерімен бірлесіп әзірледі.

«Qazaqstan: орнықты даму жолында» жинағы көпшілікке таныстырылды
Н.Байбулин
732

Астанада «Qazaqstan: орнықты даму жолында» атты аналитикалық материалдар жинағы көпшілікке таныстырылды. Оған еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша еңбектер жарияланған. Аталған жинақты Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері «Талдау мектебінің» түлектерімен бірлесіп әзірледі.

Іс-шараға қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев былтырғы Президент сайлауынан кейін елімізде саяси жүйе кешенді түрде жаңғыртылғанын атап өтті. Мемлекеттік құрылымның барынша демократиялық және орнықты үлгісіне көшу үдерісі басталды. Бұл ретте сапалы аналитика елдің қарқынды дамуының маңызды шарты екені анық.

«Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінде талдау жүргізу бағытын күшейту қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселеге әрдайым баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік басқарудың тиімділігі негізінен талдаумен қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол бүгінде мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешу үшін кешенді зерттеулер мен ұсыныстарды қажет ететініне назар аударды. Палата Спикері атап өткендей, бұл орайда сапалы талдау орынды шешімдер қабылдау және белгілі бір саланы дамытудың неғұрлым тиімді жолын таңдау үшін қажет.

Мәулен Әшімбаев Сенат заң шығару қызметі аясында сарапшылармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғанын да тілге тиек етті. Клуб мүшелері Палата Комитеттерінің жұмыс топтарына қосылып, парламенттік тыңдауларға, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның жұмысына және тағы басқа іс-шараларға жүйелі түрде қатысып келеді.

Айта кетейік, Сенат 2020 жылдан бастап жас сарапшылармен жүйелі байланыс орнатып, белсенді жұмыс жүргізіп келе жатыр. Әр тоқсан сайын Жас сарапшылар клубы аясында өзекті мәселелер талқыланып отырады. Соның нәтижесінде салалық мемлекеттік органдармен және «Талдау мектебі» жобасына қатысушылармен бірлесіп, кешенді ұсынымдар әзірленеді. Бүгінде аталған екі алаң аясында 150 жас маман жұмылдырылған. Олар – экономикада және елдің қоғамдық-саяси өмірінің басқа да салаларында белсенділігімен танылған білікті мамандар.

 

 

Серіктес жаңалықтары